
Елордадағы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Заң және тәртіп» қағидаты аясында мектеп оқушыларына, студенттерге, сондай-ақ әлеуметтік осал топ өкілдеріне арналған ақпараттық-түсіндіру іс-шаралар сериясын өткізіп жатыр. Осындай кезекті дәріс №115 орта мектептің 10-11-сынып оқушыларына арнап ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Дәрісте барлығы 400 оқушы қамтылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қаржылық сауаттылық пен қауіпсіздіктің (жеке және мемлекеттік деңгейде) қаржылық әл-ауқаттың негізі екені жөнінде оқушылардың түсінігін қалыптастыру, сондай-ақ қазіргі экономикалық жағдайда кездесетін қаржылық тәуекелдер туралы жалпы мәлімет беру.
Кездесу барысында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Нұрғали Аязов цифрлық қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығы, интернет-алаяқтықтан қорғану тәсілдері, дипфейктер, жеке деректерді қорғау, сондай-ақ дропперлер туралы жан-жақты түсіндіріп өтті.
Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын белсенді түрде қойып, оларға нақты жауаптармен қатар тәжірибелік кеңестер алды.
Өткізіліп жатқан мұндай дәрістер қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ әрбір азаматтың өміріндегі экономикалық қауіпсіздіктің маңызын түсінуге бағытталған маңызды алаңға айналып отыр.
#законипорядок #заңжәнетәртіп