«Заң және тәртіп»: елордалық колледж студенттеріне вандализм үшін қандай жаза қарастырылғаны түсіндірілді

«Заң және тәртіп»: елордалық колледж студенттеріне вандализм үшін қандай жаза қарастырылғаны түсіндірілді

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында елордалық кәсіптік-техникалық колледж студенттеріне вандализм әрекеттеріне баруға жол бермеу және қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу тақырыбында профилактикалық дәріс өткізілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Студенттерге арналған «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбындағы профилактикалық дәрісті Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Жасұлан Сарпеков жүргізді. Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

«Біз нашақорлықтың алдын алу, интернет-алаяқтық және буллинг сияқты өзекті мәселелер туралы айтуды көздедік. Әсіресе, кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін буллинг мәселесіне ерекше назар аударылды. Студенттерге буллингтің қандай түрлері болатыны, мұндай жағдайларды жасырып қалудың қандай қауіптері бар екені және егер олар психологиялық немесе физикалық қысымның құрбаны болса, қандай әрекеттер жасау қажет екені түсіндірілді», – деді ол.

Прокурор сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты айтып өтті.

«Жастармен мұндай тақырыптарды ашық әрі шынайы түрде талқылау өте маңызды. Жасөспірімдер қызығушылық пен құқықбұзушылықтың ара-жігін түсініп, қылмыс жасаудың қандай нақты салдары болатынын білуі тиіс. Заңды білу – ең алдымен, өзіңді қорғау», – деп атап өтті Жасұлан Сарпеков.

Сондай-ақ студенттерге буллингтің алдын алу, интернет-алаяқтық және есірткі құралдарының зияны туралы видеоматериалдар көрсетілді. Бұл заңсыз әрекеттердің ықтимал қауіптері мен салдарын қарапайым түрде түсіндіруге мүмкіндік берді.

Студенттер спикерге өмірде кездесетін күрделі жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керектігі, қайда жүгінуге болатыны, прокуратураның жастар арасындағы қылмыстың алдын алу бағытында қандай шаралар қабылдайтыны және өз құқықтарын қалай қорғауға болатыны туралы сұрақтар қойды.

«Әдетте мұндай тақырыптар құрғақ түрде айтылады, ал бұл жолы нақты мысалдармен, қысымсыз түсіндірілді. Қате әрекеттердің қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін және өзіңді қалай қорғауға болатынын түсіндім», – деді колледж студенттерінің бірі.

Айта кетейік, елордада колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерімен осындай дәрістер мен түсіндіру жұмысы жүйелі түрде өткізіліп келеді.

#законипорядок #заңжәнетәртіп