Концерттік бағдарламалар, аниматорлар, қысқы ойын-сауық: елордада жаңа жылға арналған шыршалардың шамын жағу іс-шарасы өтеді

Концерттік бағдарламалар, аниматорлар, қысқы ойын-сауық: елордада жаңа жылға арналған шыршалардың шамын жағу іс-шарасы өтеді

Астанада 19 желтоқсан күні бір мезетте 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылады. Қаланың барлық ауданында мұз айдындары, сырғанақтар, фотоаймақтар, шағын сәулет нысандары, жәрмеңкелер және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Нұра ауданы
Аудан аумағындағы басты алаңдардың бірі – «Астана Арена» стадионының маңы. Мұнда қаланың негізгі шыршаларының бірі орнатылады.

Келушілер үшін Qanay, Дастан Оразбеков, Ziru, «Бәйтерек» триосы, сондай-ақ «Нұр Сәулем ай» балалар ансамблінің қатысуымен ауқымды концерттік бағдарлама өтеді.

Сонымен қатар мұз айдындары, сырғанақтар, фуд-корт, арнайы тақырыптағы фотоаймақтар және т.б. жұмыс істейді.

Балалар үшін аниматорлар мен сыйлықтары бар арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады. Ауданда шырша шамы тағы 11 орында жағылады.

Сарайшық ауданы
«Қазақ Елі» алаңында биіктігі 25 метр болатын жаңа жылдық шырша орнатылады. Алаң ертегі әлемі форматында безендіріліп, фотоаймақтар мен шағын сәулеттік нысандар қойылады.

Мұнда Мемлекеттік академиялық филармония әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.

Қонақтарды мәнерлеп сырғанаушылардың көрсетілімдері, анимациялық бағдарламалар, балаларға арналған ойындар, мұз айдындары мен сырғанақтар күтеді. Сонымен қатар «Сыйлықтар фабрикасы» жұмыс істеп, балалар Аяз атадан жаңа жылдық сыйлықтар алады.

Алматы ауданы
Ауданда жаңа жылдық шыршаның шамы төрт локацияда жағылады. Мерекенің басты орталығы – Ақбұлақ жағалауы. Бұл жерде концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, кеш соңында мерекелік отшашу өтеді.

Байқоңыр ауданы
Негізгі мерекелік алаң – К.Ататүрік атындағы саябақ. Мұнда биіктігі 20 метрлік шырша, мұз айдыны және мұздан жасалған сырғанақ орнатылады. Мемлекеттік «Наз» би театры әртістерінің қатысуымен концерт өтеді.
Сондай-ақ Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен ойындар мен байқаулар ұйымдастырылып, кеш қызған шақта мерекелік отшашуға ұласады.

Сарыарқа ауданы
Ауданда алты жаңа жылдық шырша орнатылады. Қалалық алаңда биіктігі 13 метр болатын шынайы шырша қойылып, мұз айдыны, сырғанақтар мен фотоаймақтар жұмыс істейді.

Бұл жерде «Жастар» театры мен М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді. Балалар мен ересектерге арналған интерактивті іс-шаралар ұйымдастырылады.

Есіл ауданы
Ауданның басты алаңы – ЭКСПО аумағы. Мұнда биіктігі 22 метрлік шырша, мұз айдыны мен сырғанақ орнатылады. Сонымен қатар Ботаникалық бақта, «Жетісу» паркінде, Қазақ радиосы көшесінің бойында және «Бағыстан» тұрғын үй кешенінде де жаңа жылдық шыршалардың шамы жағылады.

Мұз айдындары мен сырғанақтар Пригородный тұрғын алабында, «Бағыстан» тұрғын үй кешенінде және «Жетісу» паркінде ұйымдастырылады. ЭКСПО алаңында Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры әртістерінің қатысуымен театрландырылған мерекелік бағдарлама ұсынылады.