
Астана қаласының Алматы ауданында 2025 жылы абаттандыру, жол жөндеу, көгалдандыру және жарықтандыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық берілді. 231 мыңға жуық тұрғыны бар Алматы ауданында бір жыл ішінде 122 аула абаттандырылып, қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, көше-жол инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аумағы 8 518 гектарды құрайтын аудан инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктерге түсетін жоғары жүктемені жүйелі түрде еңсеруде.
Алматы ауданында барлығы 324 аула бар. Оның 200-ден астамы соңғы жылдары жөндеуді қажет еткен. 2025 жылы 122 аула толық абаттандырылды.
Жұмыс бірнеше бағытта жүргізілді:
• 71 аула – жоспарлы түрде,
• 51 аула – тұрғындардың тікелей өтініші бойынша.
Аула аумақтарында балалар ойын алаңдары, демалыс аймақтары, кіші сәулеттік нысандар, жаяу жүргінші жолдары қалпына келтіріліп, кей жерлерде толық жаңартылды. Бұл өзгерістер тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етті.
Ауданда орналасқан 5 саябақ пен 45 сквер және қоғамдық кеңістік 2025 жылы толық қамтылды. Оларда:
• ағаштарды санитарлық қалыпқа келтіру;
• тротуарлар мен төсемтастарды жаңарту;
• орындықтар мен кіші сәулеттік нысандарды жөндеу;
• жарықтандыру тіректері мен шамдарды қалпына келтіру.
Биыл тұрғындар жиі пайдаланатын 15 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Олар:
• Оңтүстік-Шығыс және Теміржолшылар тұрғын алаптары;
• Есіл өзенінің жағалауы;
• Триатлон паркі;
• «Күйшілер» аллеясы;
• мектептер мен әлеуметтік нысандар маңы.
Аталған кеңістіктердің үшеуі жеке бизнес қаражаты есебінен жаңартылды. Бұл мемлекеттік және жеке сектор арасындағы тиімді әріптестіктің айқын көрінісі.
Триатлон паркінің көпір астындағы қоғамдық кеңістікке ерекше көңіл бөлінді. Мұнда ашық аспан астында спортпен шұғылдануға жағдай жасалып, фитнес-клуб деңгейіндегі заманауи тренажерлер орнатылды. Жабдықтардың бір бөлігі жеке инвесторлар есебінен сатып алынды.
Ауданда 74 көшеде шұңқыр жөндеу жүргізілді, 42 ішкі квартал аумағы ретке келтірілді, бұрын топырақ болған 4 көше асфальтталды.
Жалпы жөндеу аумағы 14,7 мың шаршы метрді құрады. Сонымен қатар, 19 учаскеде жаңа тротуар салынды, Майдақоңыр мен Балқантау көшелерінде 2,5 шақырым жаяу жүргінші жолы пайда болды.
Көгалдандыру: жасыл ауданға қадам
Биыл аудан аумағында 11 394 ағаш отырғызылды.
Жарықтандыру бойынша биыл 6 031 жарықтандыру тірегі орнатылды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 5 есе жоғары. Бұрын жарықтандырылмаған 15 шақырым аумақ қамтылды.
Ауданда 21 мердігер ұйым жұмыс істеп, 500-ден астам техника тартылды. 51 контейнер алаңы жөнделіп, қысқы маусымға дайындық 100% қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, мердігерлер бүлдірілген абаттандыру элементтерін көктемде өз есебінен қалпына келтіруге міндеттелді.
Алматы ауданында 2025 жылы жүргізілген жұмыстар қала кеңістігін кезең-кезеңімен жаңартуға бағытталған жүйелі саясаттың нақты нәтижесін көрсетті. Аулалар, саябақтар, көшелер, жарық пен жасыл желек – барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, биыл Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістік – саябақтар, гүлзарлар мен желекжолдар абаттандырылды. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтыды.