«AulaFest»: Астанада жобаның қорытынды кеші өтті

«AulaFest»: Астанада жобаның қорытынды кеші өтті
Астанада «AulaFest» жобасының қорытынды кеші өтті. Іс-шарада елордадағы аула клубтарының жұмысы қорытындыланып қана қоймай, жыл бойы жетістікке жеткен өнерлі балалар арнайы алғыс хаттармен марапатталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы қала әкімдігінің «Астана жастары» мекемесінің медиа және PR бөлімінің басшысы Анар Мырзабаеваның айтуынша мұндай кеш осыған дейін де ұйымдастырылған.

«Астана қаласында жалпы 10 аула клубы бар. Онда 2000-нан астам тәрбиеленуші оқиды. «AulaFest» – жай ғана концерт емес. Бұл қаладағы сол аула клубтарына баратын жасөспірімдердің өзін танытуға мүмкіндік беріп, тәлімгерлердің еңбегін бағалау», – дейді ол.

Жоба бірнеше ай бойы жалғасып, балалар мен жасөспірімдер аула клубтарында күнделікті сабақтар өткізіп, түрлі бағытта өздерін дамытады.

Олар: спорттық турнирлер, би, музыка, сурет, шахмат үйірмелері, шығармашылық қойылымдар секілді.

 «Ақжол» аула клубы екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – спорттық, екіншісі – шығармашылық. Бүгінде тәрбиеленкшілеріміз шахматтан, дойбыдан әлем чемпионы болып, алтын, күміс медальдарға ие болып келіп жатыр. Бүгінгі шараға сол дойбыдан орын алып жүрген 6 баланы алып келдік», – дейді «Ақжол» аула клубының үйлестірушісі Айнұр Олжабайқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «AulaFest» – аула клубтары арасындағы байланысты нығайтатын, балаларға сенім сыйлайтын әлеуметтік жоба. Жасөспірімдер үшін мұндай алаңның маңызы ерекше. Олар бір-бірінен үйренеді, жаңа ортаға бейімделеді, қабілетін ашуға мүмкіндік алады. Ең бастысы, өз еңбегі бағаланатынын сезінеді.

Аула клубтарының жұмысы тек сабақ пен жаттығудан тұрмайды. Мұнда балалар өз ортасын тауып, жаңа достарымен араласып, бос уақытын пайдалы өткізеді. Тәлімгерлердің айтуынша, көптеген жасөспірім дәл осы клубтарда өз болашақ мамандығын анықтап, өмірлік мақсатын қалыптастырып жатады. Бірі спортқа жақындай түссе, енді бірі шығармашылық бағытта өсіп, түрлі қалалық іс-шараларда өнер көрсетеді.