Астанада қар күреу жұмысына 1200-ден астам арнайы техника шығарылды

Астанада қар күреу жұмысына 1200-ден астам арнайы техника шығарылды

Елорданың коммуналдық қызметі қыс мезгілі басталғалы бері күшейтілген, тәулік бойғы режимде жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Өткен түнде қаладан 819 рейс арқылы 10 мың текше метрден астам қар арнайы полигондарға шығарылды.

19 желтоқсан күні таңертеңгі мәлімет бойынша қар күреу жұмысына шамамен 3 мың жол жұмысшысы және 1 223 бірлік арнайы техника тартылған.

Қыс мезгілі басталғалы бері елорда аумағынан барлығы 746 мың текше метрден астам қар 57 950 жүк көлігінің көмегімен шығарылды.

Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін жолдар тазаланады. Одан кейін қозғалысы орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда қар күреу жұмысы жүргізіледі.

Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көшелер мен жаяу жүргінші жолдарына техникалық тұз себілуде.

Сонымен қатар тұрғын үйлердің ауласындағы тазалықты сақтау пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетіне жатады. Олар қар мен көктайғақты уақытылы тазалап, тұрғындардың қауіпсіз жүруін қамтамасыз етуі тиіс.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын сақтық шараларын қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият болуға және ауа райы қолайсыз кезде алыс сапарларға шықпауға шақырады.