Бұрын бос жатқан аумақтың орнында жаңа сквер бой көтеріп, ондаған мың ағаш егілді: 2025 жылы елорданың Байқоңыр ауданы қалай өзгерді

Бұрын бос жатқан аумақтың орнында жаңа сквер бой көтеріп, ондаған мың ағаш егілді: 2025 жылы елорданың Байқоңыр ауданы қалай өзгерді

Астананың Байқоңыр ауданында 2025 жылы абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Басым бағыттардың бірі – аумақты кешенді көгалдандыру болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жыл басынан бері Байқоңыр ауданында 8 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 15,5 мың гүлзар абаттандырылды. Сонымен қатар 10 700 сәндік-бұталы өсімдік пен 2 200 метрден астам шынайы қоршау егілді.

Компенсациялық отырғызу аясында 6 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Жасыл желектерді тұрақты күтіп-баптау үшін ауданның алты аумағында жалпы ұзындығы 14 600 метр болатын жергілікті суару жүйесі тартылды.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында 95 гектар аумақта қамыс шабылды.

Ауданда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы белсенді қолдау тапты. Атап айтқанда, Ж.Тәшенов көшесінің бойында тұрғындар мен коммуналдық қызмет өкілдерінің қатысуымен ағаш отырғызу шарасы өтіп, 100 қарағай мен 30 қайың егілді.

Жыл басынан бері ауданда 22 аула кешенді түрде абаттандырылды. Қосымша 116 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Аулаларда асфальтталған аумақтың жалпы көлемі 52 мың шаршы метрді құрады, ал төсемтастар 10 мың шаршы метрден астам аумаққа төселді.

Тұрғындар үшін жаңа қоғамдық кеңістіктер ашуға да ерекше көңіл бөлінді. Жыл ішінде Байқоңыр ауданында 7 жаңа сквер мен демалыс аймақтары ашылды. Осы жобалар аясында 13 мың шаршы метр асфальт, 31 мың шаршы метр төсемтас төселіп, шамамен 100 дана көше жиһазы орнатылды.

Мәселен, Астана күні қарсаңында бұрын бос жатқан аумақта ауданы 7 мың шаршы метрден асатын жаңа сквер пайдалануға берілді. Жаңартылған аумақта жасыл желек, жаяу жүргіншілер жолдары мен автотұрақ қарастырылды. Қауіпсіздік мәселесіне де мән беріліп, №5 мектепке ыңғайлы кіреберіс жол жасалды.

Сондай-ақ Астана күні қарсаңында және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Абай даңғылы бойында – Жұбанов көшесінен Пушкин көшесіне дейін «Коммуналдық қызметкерлер» сквері ашылды. Аумағы 1,8 гектарды құрайтын демалыс орнында балалар мен спорт алаңдары, 33 парк шамы, воркаут аймағы, жаттығу құрылғылары, шағын сәулеттік нысандар мен көше жиһаздары орнатылды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай Ғұмар Қараш көшесі бойында ауданы 1 700 шаршы метр болатын абаттандырылған аллея ашылып, тұрғындар үшін жаңа серуен аймағына айналды.

2025 жылы Байқоңыр ауданында бейнебақылау жүйесін дамыту жұмысы да қарқынды жүргізілді. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жыл соңына дейін ауданның 417 мекенжайында 1 668 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, биыл елордада 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылды. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтыды.