Астанада бір жыл ішінде алты жаңа студенттік жатақхана пайдалануға берілді

Астанада бір жыл ішінде алты жаңа студенттік жатақхана пайдалануға берілді
Елордада 2025 жылы жалпы сыйымдылығы 1544 орынға арналған алты жаңа студенттік жатақхана салынып, қолданысқа енгізілді. Бұл, әсіресе басқа өңірлерден келген және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы жастардың жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Астана қаласының әкімдігі.

Жаңа жатақханалар жайлы, тұрмысқа қажетті барлық жағдаймен жабдықталған. Ғимараттарда оқу мен бос уақытты тиімді өткізуге арналған ортақ орындар қарастырылған. Биыл пайдалануға берілген жатақханалардың бірінде ерекше қажеттіліктері бар студенттерге арналған арнайы блок көзделген.

Қалада студенттік жатақханалар салу мәселесімен айналысатын арнайы фронт-офис жұмыс істейді. Онда жеке кәсіпкерлер мен жеке компаниялардан құралған инвесторларға жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетіледі.

Фронт-офис мамандары 100-ден астам инвесторға кеңес беріп, шамамен 50 инвестициялық келісімшарт жасасқан. Жалпы 2023 жылдан бері Астанада 7388 орынға арналған 20 жатақхана салынды.

«Бұл студенттердің тұрғын үй тапшылығы мәселесін шешуге елеулі үлес қосты. Мұндай жобалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Тұру ақысы жеке кәсіпкерлер мен жоғары оқу орындары арасында тікелей келісіледі.
 
Ал мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында кәсіпкерлер Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы арқылы университеттермен жасалған келісім негізінде субсидия алады. Бұл студенттер үшін қолжетімді бағаны сақтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті елорданың Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы.

Жаңа жатақханалардағы орындар ең алдымен көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге беріледі. Бұл тәсіл жастарды әлеуметтік қолдауға және білім алуда тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған.

Жаңа жатақханалар бұрын салынған нысандардан жайлылық деңгейімен ерекшеленеді. Онда оқу аймақтары мен коворкинг кеңістіктері, ас дайындауға арналған орындар бар, жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді, заманауи қауіпсіздік жүйелері енгізілген.

«Жаңа орынның жайлылығы бірден сезіледі. Жатақхана университетке жақын орналасқан, барлық жағдай студенттер үшін жасалғаны көрініп тұр. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың да еш кедергісіз қозғалуына мүмкіндік қарастырылғаны қуантады. Арнайы лифтілер, ыңғайлы жұмыс үстелдері және қажетті базалық жабдықтардың барлығы бар», – деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Арайлым Шандоз.

Аталған университеттің тағы бір студенті Серік Қалдан да жағдайының жақсарғанын атап өтті.

«Мұнда заманауи орта қалыптасқан, бөлмелер жылы әрі жарық. Интернет тұрақты жұмыс істейді, оқу үшін қажетті инфрақұрылым толық қолжетімді. Мұндай жағдай білімге көңіл бөлуге, өзін дамытуға, сабаққа сапалы дайындалуға және оқу жобаларымен нәтижелі айналысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жатақхана – студенттік өмірдің белсенді ортасы. Мұнда пікірлес адамдарды табу, бірлескен жобаларға, мәдени және білім беру іс-шараларына қатысу оңай», – деді ол.

Жаңа жатақханалардың іске қосылуы өзге өңірлерден және шетелден келген студенттерге арналған орын тапшылығын айтарлықтай азайтты. Соңғы үш жылда Астанада жеті мыңнан астам жаңа орын пайдалануға берілді. Қазіргі таңда қаладағы жалпы тапшылық шамамен 10 мың орынды құрайды.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Қазіргі оқу жылында тағы бір жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын. Келесі семестрде ол нысанға Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттері қоныстанады деп жоспарланып отыр.