
Соңғы үш жылда елорданың Нұра ауданы заманауи әрі қолайлы қалалық кеңістіктің үлгісіне айналды. Биыл аудан аумағындағы абаттандыру жұмысы бұрынғыдан да ауқымды жүргізіліп, саябақтар мен гүлзарлар, спорт нысандары мен қоғамдық кеңістіктер айтарлықтай жаңарды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Биыл Нұра ауданындағы басты жаңғыртылған нысан – Орталық саябақ болды. Мұнда негізгі аллея толығымен қайта жасалып, тіреу қабырғалары қалпына келтірілді, жаңа тас төсеме төселді. Саябақ аумағы жасыл желекпен толықтырылып, ағаштар мен көпжылдық бұталар отырғызылды. Жарықтандыру жүйесі түгелдей жаңартылып, кешкі уақытта саябаққа ерекше жайлы атмосфера сыйлайтын сәндік жарықтар орнатылды. Табиғи келбетін сақтай отырып, саябақ серуендеуге ыңғайлы әрі заманауи кеңістікке айналды.
Спорт инфрақұрылымына да айрықша көңіл бөлінді. Саябақтағы негізгі спорт алаңы жаңа тартан жамылғысымен жабдықталып, ескі жаттығу құрылғылары жөнделіп, қосымша жаңа элементтер орнатылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімделген инклюзивті алаң ашылды. Бұл алаң ойын, спорт және танымдық аймақтарды біріктіріп, барша балаға тең мүмкіндік беретін қолжетімді қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Аудандағы ең ірі жобалардың бірі – GreenLine аллеясы. Оның ұзындығы шамамен төрт шақырымды, ал жалпы аумағы 18 гектарды құрайды. Мұнда мыңдаған ағаш пен ондаған мың көпжылдық өсімдік отырғызылған. GreenLine арқылы өтетін Әйтеке би көшесіндегі аллея да толық жаңартылып, жаңа жабын төселіп, мыңнан астам ағаш егілді және заманауи жарықтандыру орнатылды. Бұл орындар бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналды.
Төрт шақырымға созылған GreenLine аллеясы – қаланың жаңа жаяу жүргіншілер күретамыры. Ұзын-сонар жасыл желекжолдар салу – әлемдік қала құрылысының негізгі үрдістерінің бірі. Мұндай кеңістіктер аудандарды өзара байланыстырып, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастырып, қаланың келбетін айқындайды.
Тұрғын үй кешендерінің маңындағы абаттандыру жұмысы да қарқынды жүргізілуде. «Самұрық Towers», «Хайвил Парк» және Inju City тұрғын үй кешендерінің жанында жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылды. Қазіргі таңда «Мадрид», «Копенгаген» және «Алтын Шар» тұрғын үй кешендерінің аумағында жұмыс жалғасып жатыр. Негізгі мақсат – тұрғындардың үйлерінен алысқа шықпай-ақ демалып, таза ауада уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін жайлы аймақтар құру.
Үркер тұрғын алабы да назардан тыс қалған жоқ. Мұнда Айғыржал скверін, №69 мектеп-гимназиясының артындағы аумақты және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің маңындағы скверді қоса алғанда, үш бірдей қоғамдық кеңістік жаңартылды.
Гүлзарларда жаңа ойын элементтері, спорт алаңдары орнатылып, тартан жамылғысы төселді. Сондай-ақ Рабиға Есімжанова көшесінде аумағы жеті гектар болатын жаңа сквер ашылды. Бұрын бос жатқан жер серуендеуге және көңіл көтеруге арналған жасыл аймаққа айналды.
Абаттандыру жұмысының маңызды бөлігі – аулалар. Биыл аудан бойынша 19 аула жаңартылды, оның 10-ы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Үркердегі «Астана» тұрғын үй кешенінде де төрт аула ретке келтірілді. Барлық жоба тұрғындардың пікірін ескере отырып іске асырылып, ыңғайлы әрі функционалды орта қалыптастыруды көздеді.
Ауданның көгалдандырылуы басым бағыттардың бірі болып отыр. Биыл Нұра ауданында 7 мыңнан астам ағаш пен шамамен 85 мың бұта отырғызылды. Бұл шаралар ауданның экологиялық жағдайын жақсартып, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етіп отыр.
Еске салайық, биыл елордада 170 аула мен қоғамдық кеңістік – саябақтар, гүлзарлар мен желекжолдар абаттандырылды.
Жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтыды.