«Ертегі Fest»: Астанада 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылады

«Ертегі Fest»: Астанада 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылады

Биыл Астанадағы жаңа жылдық мерекелік іс-шаралар «Ертегі Fest» бірыңғай ертегі стилінде өтеді. Бұл жоба қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше көңіл күйге бөлеп, ертегі әлеміне саяхаттауға мүмкіндік жасайды. Қалада иллюминациялар, арнайы тақырыптағы инсталляциялар, мұз айдындары мен жайлы қоғамдық кеңістіктер әзірленді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Коньки тебу алаңдары, сырғанақтар, шағын сәулет формалары, фотоаймақтар және басқа да элементтер бойынша монтаж жұмысы желтоқсанның басында басталды. Жұмыс желтоқсанның екінші онкүндігінде кезең-кезеңімен аяқталады.

19 желтоқсан күні сағат 18:00-де елорданың алты ауданында бір уақытта 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылады. Барлық жерде – мұз айдындарында, сырғанақтарда, фотоаймақтарда және т.б. орындарда әртүрлі ойын-сауықтар бағдарламалары күтіліп отыр. Концерттік бағдарламалар барлық ірі орында сағат 17:30-дан бастап өтеді.

Нұра ауданында Жаңа жыл шыршалары 11 жерде орнатылады.

Ауданның 25 метрлік шыршасы «Астана Арена» стадионының тұрағына орнатылады. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік бағдарлама мен жаңа жылдық ойын-сауық, оның ішінде коньки тебу алаңдары, сырғанақтар және фотоаймақтар дайындалды. Бұл жерде сағат 17:30-дан бастап балаларға арналған концерттік бағдарлама мен интерактивті іс-шаралар өтеді, ал шырша шамын жағу алдында дрон шоуы ұйымдастырылады.

Орталық саябақта 213 метр болатын дөңгелек сырғанақ алаңы, мұз айдындары, фотоаймақтар және безендірілген арка, арба және «Аю отбасы» шам инсталляциясы сияқты шағын сәулеттік элементтер бар. Саябақтың орталық кіреберісінде 24 метрлік шырша орнатылып, 19 желтоқсанда шамы жағылады.

Ғашықтар саябағында сауда павильондары мен коньки тебу алаңы, жарықтандырылған аркалар, мерекелік стильде безендірілген «Менің бақытым» мүсіні және бұғылар, қояндар, аюлар, камин және арба бейнеленген арнайы тақырыптағы шағын сәулеттік элементтер бар. Әйтеке би көшесіндегі аллеяда және «Бухарест» саябағында жарық инсталляциялары мен фотоаймақтар орнатылды, оның ішінде «Пряник адамдар», «Үйшіктер», «Бұғылар отбасы» және «Ойыншық» сияқты композициялар, сондай-ақ тұрғындар мен қонақтар естелік фотосуреттерге түсе алатын «Қыз бен бала» және «Сиқырлы шар» сияқты шағын сәулеттік элементтер бар.

Үркер елді мекенінде сыйлық, пойыз және әткеншек түрінде шағын сәулет элементтері орнатылған коньки тебу алаңы мен сырғанақ орындары жоспарланған. Сондай-ақ, аумақты шырша безендіріп тұрады.

Сонымен қатар, бұл күні Green Mall, «Сарыарқа», «Keruen City», «Азия Парк», «Хан Шатыр» және басқа да сауда және ойын-сауық орталықтарының іргелес аумақтарында биіктігі 7 метрден 14 метрге дейінгі шыршалар жарықтандырылады.
Алматы ауданында Жаңа жыл шыршаларының шамы төрт жерде жағылады, олардың әрқайсысы ертегі стилінде безендірілген.

Ақбұлақ өзенінің жағалауына биіктігі 25 метрлік шырша орнатылады. Аудан бойынша ергежейлілер мен қоян фигуралары, сәндік камин, сандықтар, жарықтандырылған ағаштар және арнайы фотоаймақтар сияқты тақырыптық ландшафтар орнатылады. Бұл серуендеуге және есте қаларлық фотосуреттер түсіруге арналған ерекше сиқырлы көңіл күй сыйлайды. Шырша шамын жағу күні бұл жерлерде мерекелік отшашу өтеді.

«Жерұйық» саябағының орталық бөлігінде диаметрі 80 метр болатын дөңгелек коньки тебу алаңы, мұз сырғанағы және екі шынайы шырша болады. Саябақтың кіреберісінде жарықтандырылған фотоаймақтар, екі жарықтандырылған сарай және сәндік сахна жарықтандыру жүйесі бар «2026» ландшафты орнатылады.

Қажымұқан Мұңайтпасов көшесіндегі Колизей баскетбол алаңында жаңа жыл шыршасы және «Мұзды өлке» мультфильмінен көрініс тапқан тақырыптық ландшафт элементтері, оның ішінде арба, екі сәндік шам, аққала мен Эльза фигуралары орнатылды. Қошқарбаев даңғылы, 80/1 мекенжайына шырша, жарық аркалары, сәндік шарлар және жануарлар фигуралары, сондай-ақ мұз сырғанағы орнатылды.

Алматы ауданындағы Теміржолшылар елді мекенінде де мерекелік орын әзірленеді. Мұнда жаңа жыл шыршасы, мұз айдыны және тақырыптық ландшафт элементтері орнатылады.

Есіл ауданында қоғамдық мерекелердің негізгі орны дәстүрлі түрде ЭКСПО алаңы болады, онда мұз айдыны, сырғанақ және 22 метрлік шырша орнатылады. Жаңа жыл шыршалары Ботаникалық бақта, Жетісу саябағында, Қазақ радиосы көшесінің бойында және «Бағыстан» тұрғын үй кешенінде де орнатылады. Сол сияқты «Керуен» алаңындағы шынайы шырша жаңа жылдық әшекейлермен безендіріледі.

Пригородный елді мекенінде және Бағыстан тұрғын үй кешенінің аумағында сырғанақтар орнатылады, ал Жетісу саябағында мұз айдыны мен сырғанақ дайындалады.

Ботаникалық бақта 25 метрлік жаңа жылдық шырша орнатылды, айналасы жарық стендтерімен безендіріледі.

Шағын сәулет формалары мен жаңа жылдық жарық инсталляциялары аудандағы белгілі қоғамдық орындарды, оның ішінде «Бәйтерек» монументі, «Нұржол» бульвары, Мәңгілік ел даңғылын, Желілік саябақты және «Ұлытау» саябағын безендіреді.

Сарайшық ауданында 25 метрлік жаңа жыл шыршасы «Қазақ елі» монументі алаңында орнатылады. Алаң ертегі стилінде безендірілуде, онда тұрғындар мен қонақтар жарықтандырылған әшекейлер аясында естелік фотосуреттерге түсе алады. Арнайы тақырыптағы фотоаймақтар мен шағын сәулет элементтері, оның ішінде «Шанадағы Аяз ата», «Пряник үйі», «Аяз ата шеберханасы» және басқа да мерекелік декор элементтері орнатылады.

«Нұрлы жол» теміржол вокзалының маңында және Жұмысшы мамандықтар аллеясында 20 метрлік шыршалар орнатылады. Бұл жерлерде фотоаймақтар, шағын сәулет элементтері, жарық инсталляциялары және мұз айдындары да болады, бұл қала тұрғындарының қысқы демалысына ерекше мүмкіндіктер жасайды. Жұмысшы мамандықтар аллеясы бойымен мұз айдыны да орнатылады. Мерекелік әшекейлер аудандағы басқа да қоғамдық орындарда, оның ішінде Президент саябағында, Ш.Қалдаяқов көшесінде, Бейбітшілік және келісім саябағында, Bravo Family тұрғын үй кешенінде және Ахмет Байтұрсынұлы көшесінде де бой көрсетеді. Онда шыршалар, ағаш ландшафт элементтері және жарықтандырылған әшекейлер орнатылады.

Сонымен қатар, аудандағы бес тұрғын алапта – Отау, Өнеркәсіптік, Интернационалды, Мичурино және Күйгенжар – тақырыптық ландшафт элементтерімен мерекелік безендірілген және 3 метрлік биіктікте 7 метрлік мұз сырғанақтары болады.

Сарыарқа ауданында алты шырша орнатылды. Тұрғындар мен қонақтар үшін сырғанақтар, коньки тебу алаңдары және атмосфералық фотоаймақтар әзірленеді.

Қалалық алаңды 13 метрлік шырша безендіреді. Мұнда 600 шаршы метрлік мұз айдыны, сырғанақ, фотоаймақтар және жарықтандырылған бұғылар мен аю мүсіндері орнатылады. Концерттік бағдарлама мерекелік атмосфераны жақсартады, кішкентай қонақтардың көңілін Аяз ата мен Ақшақар, сондай-ақ аниматорлар көтереді. Көңілді байқаулар, ойындар және тосынсыйлар жоспарланып отыр, ал ең белсенді қатысушыларға мерекелік сыйлық пакеттері беріледі. Қалалық алаңда коньки тебу және шырша безендіру шеберлік сабақтары да өтеді, онда әркім өз қиялын паш етеді және жаңа нәрсе үйрене алады.

Өзге де маңызды орындардың қатарында Көктал саябағы, Бөгенбай батыр көшесі, 43 мекенжайындағы алаң, Юбилейная көшесі, 22 мекенжайындағы алаң, Оқжетпес пен Герцена көшелерінің қиылысындағы алаң және Есіл өзенінің жағалауы бар. Бұл аумақтар үшін он екі сырғанақ жоспарланған, оның сегізі мұз қалың болған жағдайда жағалауда орналасады. Төрт коньки тебу алаңы да жоспарланған – негізгі орындардың әрқайсысында бір-бірден.

Юбилейная көшесі, 22 мекенжайындағы алаңға шынайы шырша орнатылады. Көктал саябағында, Бөгенбай батыр көшесі, 43 мекенжайындағы алаңда, жағалауда және «Наз» театрының жанында тағы төрт шырша орнатылады. Ауданда сонымен қатар арнайы тақырыптағы ландшафтар мен мерекелік безендірілген фотоаймақтар болады.

Байқоңыр ауданында негізгі ойын-сауық бірнеше жерде өтеді.

Мысалы, Ж.Тәшенев көшесіндегі К.Ататүрік саябағы биыл қыста ерекше сәнделіп нағыз ертегі әлеміне айналады. Саябақта 20 метрлік шырша, мұз айдыны мен сырғанақ орнатылады. Жаңа жыл кейіпкерлері бейнеленген арнайы тақырыптағы ландшафтық көріністер қазірдің өзінде бой көтерді. Шырша шамын жағу күні концерттік бағдарлама өтеді, ал жас көрермендер үшін аниматорлар болады.

«Жастар» сарайының аумағы да мерекелік іс-шаралар мен отбасылық көңіл көтеру орталығына айналады. Биіктігі 18 метрлік жаңа жылдық шырша сәнделеді, мұз айдыны мен сырғанақ қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, ал мерекелік фотосессияларға арнап жарық стендтері орнатылады.

Балаларға арналған концерттік және ойын-сауық бағдарламасы бұл күні мерекелік атмосфераны жақсартады. Аяз ата мен Ақшақар, сондай-ақ аниматорлар кішкентай бүлдіршіндердің көңілін көтереді. Сол сияқты көңілді байқаулар, ойындар және тосынсыйлар жоспарланып отыр, ал ең белсенді қатысушыларға мерекелік сыйлықтар толы пакеттер беріледі.

Биіктігі сегіз метрлік шыршалар Өндіріс (Ақбидай және Кемеңгерұлы көшелерінің қиылысы), Кирпичный (Чехоева және Жолымбет көшелерінің қиылысы) елді мекендерінде және Қоянды саяжай аумағында орнатылады. Қысқы сырғанақтар тұрғындар үшін ашық болады.