Баға белгілеудің жаңа ережелері: департамент басшысы заңдағы өзгерістерді түсіндірді

Баға белгілеудің жаңа ережелері: департамент басшысы заңдағы өзгерістерді түсіндірді

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен сауда саласындағы жаңа ережелер енгізілді. Енді әр тауар үшін бір ғана баға көрсетіледі, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесіне жасырын төлемдер қосуға тыйым салынады. Бұл туралы Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ілиясов елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спикердің айтуынша 2025 жылғы 11 қазаннан бастап Қазақстан Республикасында 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 бұйрықпен бекітілген Ішкі сауда қағидаларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Тиісті түзетулер Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі №276-НҚ бұйрығымен енгізілді.

Бұл өзгерістер баға белгілеудің ашықтығын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының өсуін тежеуге, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қағидалардың 2-тармағы 28-1) және 69-1) тармақшаларымен толықтырылып, «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көтерме жеткізушісі» және «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндірушісі» ұғымдары енгізілді.

Нақты анықтамалардың белгіленуі жеткізу тізбегіндегі қатысушыларды айқындауға және өнімсіз делдалдарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл негізсіз сауда үстемелерін азайтып, халық үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының түпкілікті бағасын төмендетуге ықпал етеді.

Ереженің 8-тармағы жаңа редакцияда баяндалып, баға жапсырмаларын рәсімдеуге бірыңғай талаптар белгіленді. Енді ішкі сауда субъектілері, оның ішінде электрондық коммерция қатысушылары бір тауарға бір ғана баға көрсетуге міндетті.

Ерекшелік акциядағы, жеңілдігі бар және бөліп төлеу арқылы сатылатын тауарларға қатысты.

Бөліп төлеу кезінде сауда нысандары тауардың бағасын бөлек көрсетуі тиіс: бір реттік төлем кезіндегі баға және өз қаражаты есебінен бөліп төлеу кезіндегі баға.

Осыған ұқсас талап қағидалардың 194-тармағында электрондық саудаға да енгізілді. Бұл норма тұтынушылардың ақпараттандырылуын арттырып, тауарды бөліп төлеу арқылы сатып алу кезінде артық төлемнің бар-жоғын алдын ала білуге мүмкіндік береді.

Ереженің бұрынғы редакциясында 49-тармақта «сауда желісі» ұғымы қолданылып, бұл талаптың кейбір ірі, бірақ сауда желісіне кірмейтін нысандарға қолданылуына шектеу қойылған еді.

Құқықтық нақтылықты қамтамасыз ету үшін «сауда желілері мен сауда базарлары арқылы» деген тұжырым «Қазақстан Республикасының Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 10-бабының 2-тармағына сәйкес 1, 2, 3 және 4 санаттағы сауда объектілері» деп ауыстырылды.

Бұл өзгеріс сауда алаңы 100 шаршы метрден асатын барлық стационарлық сауда объектілеріне, олардың ұйымдастырушылық-құқықтық нысанына қарамастан, талаптардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді.

Отандық өндірушілерді дамыту және қолдау мақсатында Қағидалардың 49 және 50-тармақтарына сауда объектілерінің отандық өндірістегі азық-түлік емес тауарларды орналастыру жөніндегі міндеттері енгізілді.

Сондай-ақ, 5-параграфтағы нормадан «ірі» деген сөздің алынып тасталуы Қағидалардың қолданылу аясын кеңейтіп, барлық сауда объектілері үшін тең жағдай қалыптастырады және жалға беру мен сервистік қатынастардың ашықтығын арттырады.
Бұған дейін Қағидалардың 229-тармағы тасымалдау, сақтау, импорт және табиғи кему шығындарын сауда үстемесіне қосуға мүмкіндік беріп, белгіленген шекті мөлшердің іс жүзінде сақталмауына әкеп соғатын.

Жаңа редакцияға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде сауда үстемесіне ішкі сауда субъектісіне төленетін сыйақыларды, жасырын комиссиялар мен алымдарды қосуға тыйым салынады. Сондай-ақ, кредиттерді, қарыздарды және сақтандыруды рәсімдеуге байланысты шығындарды енгізуге жол берілмейді.

Қосымша енгізілген 229-2-тармақта ӘМАТ сатып алу кезінде ішкі сауда субъектісіне сыйақы төлеуге тікелей тыйым салынған.

Қағидалар 229-1-тармақпен толықтырылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу кезінде міндетті түрде қоса берілетін құжаттар тізбесі бекітілді. Оларға жеткізу шарттары, тауарға ілеспе құжаттар, шот-фактуралар, сондай-ақ өндірушінің немесе жеткізушінің босату не сатып алу бағасын растайтын құжаттар жатады.

«Қажет болған жағдайда сауда үстемесіне енгізілген шығындарды растайтын құжаттар, сәйкестік сертификаттары немесе сәйкестік туралы декларациялар ұсынылуы тиіс. Бұл норма баға белгілеу талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуге, негізсіз баға өсімінің алдын алуға, сондай-ақ тауарлардың заңдылығын, сапасы мен қауіпсіздігін растауға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты елорда кәсіпкерлері мен ішкі сауда саласындағы барлық субъектілерді күшіне енген өзгерістерді ескеріп, өз қызметінде қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз», – дейді Ғалымжан Ілиясов.