
Астана қаласында ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. 2025 жылы елорда спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 76 медаль жеңіп алып, қаланың спорттық әлеуетін айқын дәлелдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
2025 жылы елордада ұлттық спорттың 10 түрі бойынша (асық ату, құсбегілік, жекпе-жек, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, бәйге, аударыспақ, көкпар, теңге ілу) оқу-жаттығу процесі тұрақты түрде жүргізілді.
Аталған бағытта 165 жаттықтырушы, оның ішінде 46 штаттық маман, 15 034 спортшымен жүйелі жұмыс атқарып, жарыстарға қатысуды үздіксіз қамтамасыз етті.
Жыл қорытындысы бойынша астаналық спортшылар республикалық жарыстарда барлығы 50 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 11 алтын, 13 күміс және 26 қола жүлде бар.
Ал халықаралық ареналарда елорда намысын қорғаған спортшылар 26 медаль иеленіп, 13 алтын, 7 күміс және 6 қола олжалады. Бұл – жаттықтырушылардың табанды еңбегі мен спортшылардың қажыр-қайратының айқын көрінісі.