Тәуелсіздік – тарихтан жеткен аманат, болашаққа бағыт: қоғам қайраткерлері мерекенің маңызы жайлы айтты

Тәуелсіздік – тарихтан жеткен аманат, болашаққа бағыт: қоғам қайраткерлері мерекенің маңызы жайлы айтты

Қазақ халқының сан ғасырлық күресімен келген Тәуелсіздік – ұлт тарихындағы ең қастерлі құндылық. Қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері бұл мерекенің бағасын ештеңемен өлшеуге болмайтынын айтып, оның тарихи және рухани маңызына тоқталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы тәуелсіздіктің бағасын ештеңемен өлшеуге болмайтынын айрықша айтып өтті.

«Бұл – ең қымбат, ең құнды мереке. Себебі біздің ата-бабамыздың сан ғасыр аңсаған, армандаған, қол жеткізе алмаған құндылығы біздің басымызға қонды. Енді оны бағалай алмасақ бізге сын.

Осы жолда қаншама батыр, хан, данышпан бабаларымыз қан төкті. Қарап отырсаңыз, анау ХVII-XVIII ғасырлардағы, оның алдыңғы кезеңді, кеңес үкіметі тұсындағы қиыншылықтарды ойлайық.

Тәуелсіздік жолында қаншама бабаларымыз басын бәйгеге тігіп, құрбан болды. Тәуелсіздік – олардың қанымен, көз жасымен келген ұлы арман.

Сондықтан оның бағасын білуіміз керек. Бүгін оны бағалай алмасақ, ата-бабаларымыздың әруағы, арманы алдында ешқашан кешірілмейтін күнаға душар боламыз», – дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы.

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, Қазақстанның тәуелсіздігі – тарихи кездейсоқтық емес, ол халқымыздың сан ғасырлық күресінің, ұлттық рух пен мемлекеттілікке деген ұмтылысының заңды нәтижесі.

«Бұл – біздің ең қымбат құндылығымыз, ең үлкен жауапкершілігіміз. Тәуелсіздік бізге ең алдымен тағдырға ие болу құқығын берді. Өз жерімізде өз заңымыз үстем болып, ұлттық мүдде мемлекеттік саясаттың өзегіне айналды. Конституциялық тәртіптің орнығуы, шекараның бекітілуі, мемлекеттік институттардың қалыптасуы – мұның барлығы тәуелсіздіктің нақты жемісі», – дейді ол.

Ол өз сөзінде тәуелсіздік экономикалық дербестікке жол ашқанын, Қазақстан өз ресурстарын өз халқына қызмет ететін стратегиялық активке айналдырып, әлемдік экономикаға тең құқықты серіктес ретінде кіргенін айрықша атап өтті. Бұл жолда қиындықтар да болды, бірақ біз тұрақтылық пен сабақтастықты сақтай отырып, дамудың өз моделін қалыптастырдық, дейді ол.

«Тәуелсіздіктің рухани маңызы ерекше. Ұлттық жады жаңғырып, тіліміз, дініміз, дәстүріміз, тарихи әділдік қайта қалпына келді. Бұл – мемлекеттің ішкі тұтастығын, ұлттың болашаққа деген сенімін күшейтетін басты тірек», – дейді халық қалаулысы.