
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Астана қаласы бойынша қызметкерлері мектеп оқушылары мен еңбек ұжымдарына арналған қаржылық және цифрлық қауіпсіздік бойынша дәрістер өткізіп жатыр. Осындай кезекті іс-шара Астана қаласы әкімдігінің №60 мектеп-лицейінде өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Дәріске №60 мектеп-лицейінің 10-11 сыныптарында оқитын 350 оқушы қатысты.
Іс-шараның мақсаты – цифрлық гигиенаның негізгі қағидаларын түсіндіру, қаржылық алаяқтықтан қорғанудың жаңа тәсілдерімен таныстыру, сондай-ақ дропперлік схемалардың алдын алу.
Дәріс барысында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Нұрғали Аязов цифрлық қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығы, интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары, дипфейктер, жеке деректерді қорғау және дропперлер туралы жан-жақты түсіндірді.
Кездесу барысында оқушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, оларға нақты жауаптар мен практикалық кеңестер берілді.
#законипорядок #заңжәнетәртіп