
Астананың Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде «Табиғатты келешек ұрпақ үшін сақтайық» атты іс-шара өтті. Жиынды ауқымды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында университет пен Нұра ауданындағы Ардагерлер кеңесі бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның мақсаты – экологиялық мәдениетті көтеру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру және жастардың қазіргі экологиялық проблемаларға назарын аудару, деді PhD, қауымдастырылған профессор, «Химия, химиялық технология және экология» кафедрасының меңгерушісі Жадыра Нұртай.
Іс-шараға Нұра ауданы Ардагерлер кеңесінің өкілдері белсенді қатысып, өскелең ұрпаққа тәжірибелерін жеткізді.
«Кейінгі ұрпақ үшін жастарды табиғатты таза, әдемі күйде сақтауға шақырамыз. Студенттердің қатысуы өте жылы қабылданды, іс-шара ерекше атмосферада өтті. Ең бастысы – табиғатты өзіміз қорғау және басқаларға үлгі көрсету. Биылдан бастап Ардагерлер кеңесі 12 кездесу өткізді және бұл жұмысты жалғастырамыз», – деді аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтмағамбет Айыпов.
Экологиялық бастамалардың белсендісі Анатолий Лян университеттің ұйымдастырушылық деңгейін жоғары бағалап, студенттердің елдің экологиясына үлкен жауапкершілікпен қарайтынына сенім білдірді.
Университетте пластикалық бөтелкелер мен алюминий банкаларды қайта өңдеу үшін фандомат орнатылған. Іс-шара қонақтары құрылғыны пайдаланып көріп, оның экологияны қорғауда және қоқысты сұрыптауды үйретуде тиімді екенін атап өтті. Іс-шараға 60-тан астам адам қатысты.
«Қонақтардың кеңестері мен идеялары қызықты болды, әрқайсымыз табиғатты қалай қорғауға болатынын білу ерекше әсер етті. Эколог – болашақ мамандық. Бізге табиғатты, қорықтарды, ұлттық парктерді сақтау міндеті жүктеледі», – деді бірінші курс студенті Мадина Құлжанбекова.
Іс-шара ғылыми қоғамдастық, жастар мен ардагерлер арасындағы ашық диалог алаңына айналып, әр адамның қоршаған ортаны қорғаудағы жеке жауапкершілігі мен қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын айқындады.