
Астанадағы Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры көрермен назарына сценарийі жасанды интеллект көмегімен жазылған «Жылы мұң» драмасын ұсынды. Қойылым «Заң және тәртіп» қағидаты және «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында сахналанды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спектакль қалада жүзеге асырылып жатқан профилактикалық іс-шаралардың бір бөлігі болып саналады. Қойылымның негізгі тақырыбы – есірткі қылмысына қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу. Драманың авторы әрі режиссері – Нұржігіт Мүслімов.
«Жылы мұң» қойылымы есірткіге тәуелділіктің адам өміріне әкелетін ауыр салдарын көрсетеді. Спектакль 2000-жылдардағы атмосферада ана мен баланың тағдырын баяндайды. Сахнада бүгінгі ауыр шындық пен өткеннің шуақты сәттері алмасып отырады: басты кейіпкердің кішкентай кезі, анасының жанында мейірімге бөленген балалық шағы бейнеленеді.
Алайда достарының ықпалымен ол есірткі қолдана бастайды да, аз уақыт ішінде тәуелділікке ұрынады. Анасы баласындағы өзгерістерді байқап, көмектесуге тырысқанымен, арадағы сенім жоғалып, қарым-қатынас бұзылады. Әкесіз өскен, сыртқы ортадан оқшауланған жасөспірім өз қайғысына батып, біртіндеп нашақорлықтың құрбанына айналады.
Бұл – нашақорлықтың тек тәуелді адамның ғана емес, оның айналасындағы жандардың – ата-анасының, жақындарының, достарының өміріне қалай әсер ететінін көрсететін тағдырлы оқиға.
«Астана – есірткісіз қала» іс-шаралар жоспары, сондай-ақ нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды және «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында елордада есірткі қылмысының алдын алу мен жолын кесуге бағытталған профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері Астанада 700-ден астам түрлі алдын алу іс-шарасы өтті.
Олардың қатарында семинарлар, дәрістер, спорттық жарыстар, мектеп оқушылары мен колледждер және жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған акциялар бар. Біз жастарға есірткінің зиянын айтып, есірткі қылмысы үшін қарастырылған жауапкершілікті түсіндіреміз. Бұл спектакль де сол мақсатқа арналған. Театр – актерлердің эмоциясы мен драмалық әсер арқылы мәселені жеткізудің тиімді құралы. Қойылым бір ғана доза арқылы тәуелділікке әкеліп, ақыры трагедиямен аяқталатынын көрсетеді.
Өкінішке қарай, бүгінде жастарды есірткі ортасына тарту жиілеп кетті: олардың білместігін пайдаланып, тез әрі жеңіл табыс пен керемет өмір уәде етеді. Алайда оңай ақша болмайды, әр қылмыс үшін жауап бар. Осы қойылым арқылы біз осыны жеткізгіміз келді», – деді Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы.