
JOLTAP жобасы аясында бірнеше жылдан бері жұмысқа орналасу, қысқамерзімді кәсіби және цифрлық дағдылар бойынша оқу курстары өткізіліп келеді. Осы курсқа қатысқандардың бірі – елордалық Таһмина Оңғарбаева, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
19 жастағы Таһмина Оңғарбаева – қаладағы Қазақ ұлттық өнер университетінде киім дизайны мамандығының 2-курс студенті.
«Жаз кезінде тігін курстарын іздеп жүрген едім. Себебі мамандығым бойынша тігіп үйрену мен үшін маңызды болды. Сол кезде әпкем маған JOLTAP жобасының тегін курстары туралы айтты. Осыған қызығушылық танытып, қаладағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктіне барып, жан-жақты ақпарат алып, курсқа тіркелдім», – деді бойжеткен.
Жоба арқылы ол модельер-конструктор және тігін курстары бойынша білім алған.
«Модельер-конструктор сабағы маусым айында басталды. Ал тігін курсы шілденің ортасында басталып, тамыздың басында аяқталды. Курстар арқылы мен пішуді, сызбалар жасауды, оларды модельдеуді, түрлі тігіс түрлерін, қалта мен жаға пішіндерін тігуді үйрендім», – деді елордалық студент.
Сондай-ақ ол курста теориялық сабақ пен практикалық тәжірибе де қатар жүргенін айтты.
«Оқу процесі өте қызықты өтті. Модельер-конструктор курсында өткен тақырыптарды жазып алып, сол сәтте практикада жасап көрдік. Өз өлшемдерімізді алып, оларды сыздық. Кейін дайын қалып жасауды үйрендік. Ал тігін курсында сабақтың көп бөлігі практикаға арналды.
Оқытушылар теорияны бірден практика жүзінде көрсетіп отырды», – деді жобаға қатысушы.
Кейіпкеріміз курста үйренген дүниелерді күнделікті өмірде пайдасына жаратып жүр.
Сөз соңында ол жоба ұйымдастырушыларына алғысын айтты.
«Ұстаздарымыз барлық ақпаратты қысқа әрі нұсқа түсіндіреді.
Модельер-конструктор курсында 7 адам, ал тігінші курсында 11 адам оқыдық. Осы жоба арқылы курстарға қатысқаныма өте қуанамын.
Ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. JOLTAP жобасы расында жастарға жол ашып, өмірде өз орнын табуға үлкен мүмкіндік береді», – деп сөзін түйіндеді Таһмина Оңғарбаева.