Астанада мектеп оқушылары арасында ұлттық ойындардан «Бала Толағай» чемпионаты өтті

Астанада мектеп оқушылары арасында ұлттық ойындардан «Бала Толағай» чемпионаты өтті

Астана қаласындағы №49 мектеп базасында оқушылар арасында «Бала Толағай» ұлттық ойындардан ашық қалалық чемпионат өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Турнирге елорданың 12 мектебінен келген жас спортшылар қатысты. Чемпионат оқушыларға ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік берді.

Жарыс барысында қатысушылар арқан тарту, ләңгі тебу, қошқар көтеру, қапшықпен жүгіру, найза лақтыру және садақ ату сынды ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасты.

Командалар 12 және 13 жас санаттары бойынша бөлінді. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды №49 мектеп, ІІ орынды №50 мектеп, ІІІ орынды №68 мектеп иеленді. Әр командада алты негізгі қатысушы және бір қосалқы спортшыдан болды. Жалпы чемпионатқа 84 оқушы қатысты.

Іс-шара мәдени бағдарлама, мерекелік өнер көрсетілімдерімен сүйемелденіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімімен қорытындыланды.

«Біз өте қызықты әрі пайдалы іс-шараға қатыстық. Командамыз үшінші орын алды, бұған қуаныштымыз. Әсіресе арқан тарту ойыны есте қалды, онда командалық ауызбіршіліксіз жеңіске жету мүмкін емес. Басқа мектептердің оқушыларымен танысып, мол әсер алдық. Қазақ спорты мен мәдениетін дамытып жүрген ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз», – деді №68 мектептің оқушысы Әлинұр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар қала көлемінде алтыншы рет өткізіліп отыр, алайда №49 мектеп базасында алғаш рет ұйымдастырылған.

«Біз бұл бастаманы өзіміз көтердік, себебі бұл ойындар қазақтың мәдениеті мен дәстүрімен тығыз байланысты. Балалар үшін бұл алғашқы қызық болды, себебі біреуі алғаш рет найза лақтырса, енді бірі садақ атудан өзін сынап көрді.

Бүгін оқушылар тек жарысып қана қойған жоқ, спорт арқылы ұлттық мәдениетімізді танып, сезінді. Мұндай шаралар салауатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықты арттырады», – деді №49 мектеп-гимназиясының директоры Жайнамар Сейдуллаев.