
Олимпиада лицензиясын иеленген спортшылардың есімдері 9 қазан мен 30 қараша аралығында өткен шорт-тректен әлемдік турдың қорытындысы бойынша анықталды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 9 Олимпиада лицензиясын жеңіп алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бас бапкер Петр Гамидов пен ұлттық құрама бапкерлер штабының шешімімен 2026 жылғы қысқы Олимпиадада ел намысын елордалық Абзал Әжіғалиев, сондай-ақ Денис Никиша, Ольга Тихонова және Яна Хан қорғайды.
Айта кетейік, шорт-тректен ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі Абзал Әжіғалиев өз карьерасында төртінші Олимпиадасына аттанады.
Тәжірибелі спортшы #MilanoCortina2026 қысқы Олимпиадасына бар күш-жігерін салуға ниетті екенін жеткізді.
«Қысқы Олимпиадаға шамамен екі айдай қалды. Дайындықты одан әрі үдетіп, Олимпиадада жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз. Бұйырса, төртінші Олимпиадама қатысқалы жатырмын. Біз әрқашан үздік нәтижеге қол жеткізу үшін жарыстарға барамыз», – деді Абзал Әжіғалиев.
Лицензиялар бойынша ақпарат:
2000 м (микст): 1 лицензия
Ерлер:
• 500 м – 2 лицензия;
• 1000 м – 1 лицензия.
Әйелдер:
• 500 м – 2 лицензия;
• 1000 м – 1 лицензия;
• 1500 м – 2 лицензия.
Айта кетейік, осыған дейін мәнерлеп сырғанаушылар – Михаил Шайдоров пен елордалық Софья Самоделкина әлем чемпионатында олимпиадалық нормативті орындап, екі лицензия жеңіп алған. Осылайша, Олимпиадаға қатысатын спортшылар саны 6-ға жетіп, ел қоржынына жалпы 11 лицензия түсті.
Олимпиада жолдамаларының нақты саны 2026 жылғы қаңтардың соңында белгілі болады.
XXV қысқы Олимпия ойындары 2026 жылғы 6-22 ақпан күндері Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Оған 93 елден 3 500-ден астам спортшы қатысады.