
Елордадағы коммуналдық қызметтер күшейтілген әрі үздіксіз режимде жұмыс істеп жатыр. Тәулігіне олар қала аумағынан ондаған мың текше метр қар шығарады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
11 желтоқсан күні күндізгі ауысымда коммуналдық қызметтер 1864 рейспен қаладан арнайы полигондарға шамамен 23 мың текше метр қар шығарды.
12 желтоқсанға қараған түні қар күреу жұмысына 390 жол жұмысшысы мен мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылмақ.
Қыс маусымы басталғалы бері қала аумағынан 34402 жүк көлігімен жалпы көлемі 439 мың текше метрге жуық қар шығарылды.
Алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік жүретін жолдар тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелер – аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамалар ретке келтіріледі.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, жолда және тротуарларда барынша абай болуға, сондай-ақ ауа райы қолайсыз кезде алыс жолға шықпауға шақырады.