Астанада «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді әрекет» республикалық акциясының қорытындысы жарияланды

Астанада «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді әрекет» республикалық акциясының қорытындысы жарияланды

Астанада гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында өткен «16 күн белсенді әрекет» кең ауқымды республикалық шараның қорытындысы шығарылды. Акцияға елорда полициясы, қала әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Шараның басты мақсаты – отбасындағы кез келген зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту. Осы бағытта қалада аулааралық және пәтер аралау жұмысы жүргізілді, инспекторлар бұрын агрессорларға қатысты қорғану және ерекше талап қою туралы нұсқамалар шығарылған отбасыларға барды. Қажет жағдайда психологтар, әлеуметтік қызмет мамандары мен дағдарыс орталықтарының қызметкерлері тартылды.

Акция аясында азаматтардың құқықтарын түсіндіруге ерекше көңіл бөлінді. 16 күн ішінде еңбек ұжымдарында және қоғамдық орындарда ақпараттық кездесулер өтті, сауда орталықтарында кеңес беру алаңдары ұйымдастырылды, мектептерде оқыту сессиялары мен ата-аналар жиналыстары өткізілді. Сонымен қатар тренингтер, семинарлар, дөңгелек үстелдер және ашық есік күндері ұйымдастырылды.
Елорда полициясы отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күнделікті және жүйелі түрде жүргізеді. Қалада тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі жұмыс істейді, жәбірленушілерге профилактикалық әрі кешенді қолдау көрсетіледі. Биыл Астанада осы санаттағы 8000-нан астам арыз-шағым тіркелді. Әрбір жағдай бойынша тиісті шаралар қабылданды: кейбіріне қорғану жөнінде нұсқамалар берілсе, бірқатар факті бойынша агрессорларға арнайы талаптар қойылды, ал жекелеген эпизодтар бойынша сот оларды психокоррекциялық бағдарламаларға жіберді.

Кеше ҚР ІІМ-де әйелдердің құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі инспекторлардың республикалық слетінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Инспекторлар кәсіби шеберліктерін, профилактикалық жұмыстың тәжірибесін, халық және ҮЕҰ-мен өзара әрекет ету дағдыларын, сондай-ақ өздерінің тың бастамалары мен әдістерін таныстырды.

Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері 20 өңір арасында III орын иеленіп, арнайы марапатқа ие болды. Әрбір қатысушы тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуға, әйелдер мен балаларды қолдауға, халықпен, мектептермен және ҮЕҰ-мен жұмыс істеуге бағытталған өз жобалары мен бастамаларын ұсынды.
10 желтоқсанда республикалық акцияның жабылу рәсімі өтті. Шара аясында Астана қаласы Полиция департаменті мерекелік концерт ұйымдастырып, акцияның ең белсенді қатысушыларын марапаттады. Сахнада әншілер мен би ұжымдары өнер көрсетіп, ерекше атмосфера қалыптастырды.

Департаменттің мәліметінше, акция мен конкурс нәтижелері бойынша отбасылық-тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын одан әрі жетілдіру жоспарланып отыр. Инспекторлардың кәсіби біліктілігін көтеру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, үздік тәжірибелерді тарату, ҮЕҰ мен қоғамдық бағдарламаларды қолдау жұмысы жалғасады.

Республикалық кезеңнің жеңімпаздары кадрлық резервке енгізіліп, марапаттар мен атақтарға ұсынылады. Бұл өз кезегінде өңірлердегі жұмыстардың тиімділігін арттыруға ынталандырады.