Өрт қауіпсіздігінің алдын алу: құтқарушылар астаналықтарға үндеу жасады

Өрт қауіпсіздігінің алдын алу: құтқарушылар астаналықтарға үндеу жасады

Астанада жыл басынан бері 818 өрт оқиғасы тіркелді. Жеке секторда 327 өрт оқиғасының болуы тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау маңызды екенін көрсетеді. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Спикердің айтуынша, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы басталғалы бері Астана қаласының тұрғын секторында 55 өрт болды. Бұл суық мезгілде қауіптің артатынын дәлелдейді. Қалада 31 мыңға жуық жеке тұрғын үй бар, оның ішінде 22 мың үй қатты отын жағатын пешпен, ал 9 мыңға жуық үй газ жүйесімен жылытылады. Бұл деректер өрттің алдын алу шараларын күшейтудің маңызын айқындайды.

«Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өрттің алдын алу мақсатында халықпен жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Ерекше назар әлеуметтік осал санаттағы 1 738 отбасыға аударылған. Жылыту маусымы басталар алдында жергілікті атқарушы органдар, полиция және әлеуметтік қорғау мамандарымен бірлесіп, аталған санаттағы үйлерге 100% профилактикалық аралау жүргізілген. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары түсіндірілді. «Өрт қауіпсіздігі айлығы» аясында құтқарушылар әлеуметтік аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасыларға қайта барып, пеш пен жылыту құралдарын дұрыс қолдану ережелерін түсіндіруде. Бүгінге дейін 108 рейд, 13 мыңнан астам үйді тексеру, 20 мыңға жуық тұрғынды қамту жұмыстары атқарылған. Тексеру нәтижесінде 9 мыңға жуық бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша тиісті ұйымдарға нұсқама берілді. Әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне 436 улы газ датчигі орнатылды. Соңғы төрт жылда жалпы 3 мыңға жуық датчик орнатылған», – дейді Ғабит Бабаев.

Оның айтуынша, биыл 1-5 желтоқсан арлығында Полиция департаментімен бірлескен «Газбаллон» акциясы ұйымдастырылып, газбен жабдықталған автокөліктердің иелеріне, газ құю бекеттерінің өкілдеріне, тұрғындарға газ балонды қолдану кезіндегі қауіпсіздік ережесін сақтау насихатталды.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мақсатында кең көлемді ақпараттық кампания жүргізілуде. Сонымен қатар, құтқарушылар мектептерде сынып сағаттарын өткізіп, жасөспірімдерге балаларды қараусыз қалдырудың қауіптілігі туралы түсіндіруде.

2025 жылдың желтоқсан айының басында Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері газбаллонды жабдықты қауіпсіз пайдалану бойынша ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізген. Автожолдарда және жабық паркингтерде рейдтер ұйымдастырылып, 120-дан астам ПИК және МБИ төрағаларымен кездесулер өткен. Оларға ГБО орнатылған көліктердің жабық паркингке кіруіне тыйым салынатыны ескертілген.

Қыс мезгілі басталғанда пештер мен электр жылыту құралдарын қолдану көбейеді. Осыған байланысты ведомство мынандай қауіпсіздік ережелерін еске салды:

• пеш пен мұржаның жарамдылығын алдын ала тексеруді;
• мұржаны күйеден жүйелі түрде тазалауды;
• жылыту құралдарын қараусыз қалдырмауды;
• өздігінен жасалған немесе ақауы бар құрылғыларды қолданбауды;
• бір розеткаға бірнеше қуатты құрал қоспауды қатаң ескертеді.

Өрт шыққан жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.

«Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды үйлерін қысқы маусымға мұқият дайындауға, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады», – деп ведомство өкілі астаналықтарға үндеу жасады.