
Астаналық полиция мен жедел медициналық көмек қызметі жүргізушілердің мәдениетін арттыру және жедел көліктер қатысатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында күш біріктірді. Олар тиісті меморандумға қол қойды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Меморандум аясында бірлескен акция басталды. Акция барысында полицейлер жүргізушілерге түсіндіру жүргізіп, жедел жәрдем және басқа да арнайы қызмет көліктеріне (жарық және дыбыс сигналдары қосылған жағдайда) жол беру ережелерін еске салады.
Құқық қорғау органдары ережелерді бұзған жағдайда жауапкершілік бар екенін ескертеді. Полиция атап өткендей, жедел қызмет көліктері адамдарға шұғыл көмек көрсету, өртке және қауіпті жағдайларға дереу әрекет ету мақсатында шығарылады. Әрбір секунд маңызды, жолдағы кешігу адамның денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Жедел жәрдем және басқа да арнайы қызмет мамандары тәулік бойы жұмыс істейді. Оперативтік қызмет көліктерінің қауіпсіз және кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету барлық жол қатысушысының міндеті болып саналады.
Оперативтік көліктерге жол бермеген жағдайда әкімшілік айыппұл 20 АЕК мөлшерінде салынады.
Полиция жүргізушілерге ережелерді сақтау және арнайы көліктерге уақытылы жол берудің адам өмірін сақтауға нақты үлес қосатынын есте сақтауды сұрайды.