«Әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі»: Астанада республикалық ғылыми-педагогикалық конференция өтті

«Әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі»: Астанада республикалық ғылыми-педагогикалық конференция өтті

Астанада «Әл-Фараби ілімдерінің педагогикадағы рөлі» атты республикалық ғылыми-педагогикалық конференция өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға еліміздің барлық аймағынан білім беру ұйымдарының педагогтері, ғалымдар, шығармашылық жетекшілері және жас зерттеушілер қатысты.

Конференцияның мақсаты – ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің ғылыми мұрасын білім беру үдерісімен ұштастыра отырып, педагогтердің кәсіби даму бағытындағы ізденістерін қолдау, олардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін арттыру, сонымен қатар жас ұрпақтың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесін күшейту.

Жиынды «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» мен Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы бірлесіп ұйымдастырды.

Конференция барысында қатысушылар ғылыми баяндамалар ұсынып, өз тәжірибелерін бөліседі, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық және зерттеу жұмыстарының нәтижелері талқыланады. Конференция аясында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жобалары бойынша көрме өтті.

Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Дидар Байтасов шараның негізгі мақсаты туралы айтып берді.

«Бұл дәстүрлі іс-шара, жыл сайын өткізіледі. Биыл бесінші рет өткізіп жатырмыз. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – ұлы ойшыл Әл-Фарабидың педагогикадағы ізденістері мен жетістіктерін қазіргі заманғы педагогикаға бейімдеу, бүгінгі педагогтердің күнделікті оқу-тәрбие жұмысымен ұштастыру. Әл-Фараби атамыз әлемдегі «Екінші ұстаз» болды, оның ғылыми бағыттары өте көп. Біз соның ішінен төрт негізгі бағытты бөліп алып отырмыз. Ол: ғылым, тәрбие, әдебиет, өнер. Осы 4 секция бойынша педагогтер іс жүзінде Әл-Фараби ілімін қалай пайдаланып жатқанын бөліседі. Сонымен қатар бүгінгі конференция негізінде жинақ шығарылатын болады. Сол жинаққа бүгін баяндама жасайтын сарапшылардың педагогикалық идеялары енетін болады», - деді Дидар Байтасов.