«Заң және тәртіп»: елордалық прокуратура мектеп оқушылары үшін ашық есік күнін өткізді

«Заң және тәртіп»: елордалық прокуратура мектеп оқушылары үшін ашық есік күнін өткізді

Астана қаласының прокуратурасында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында №26 мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушылары үшін ашық есік күні өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін арттыру, құқықтық санасын көтеру және қоғамда тұрақты құқықтық тәртіп қалыптастыру.

Оқушыларға прокуратураның тарихы мен атқаратын рөлі түсіндірілді, ведомствоның құрылымы көрсетілді. Сондай-ақ кезекші прокурор, Ахуалдық орталық және азаматтарды қабылдау орталығы сияқты негізгі бөлімшелердің жұмысы таныстырылды. Бұдан бөлек, балалардың құқықтарын қорғау басқармасының қызметі және прокурорлардың сот процестеріне қатысу тәртібі туралы мәлімет берілді.

Экскурсияның жеке бөлімі қадағалау органы іске асырып отырған цифрлық жобаларға арналды. Оның ішінде «Антиалаяқтық» WhatsApp-боты және азаматтарды қорғауға бағытталған өзге де сервистер таныстырылды.
Мұндай экскурсиялар тұрақты түрде өткізіліп, жастардың құқықтық сауаттылығын нығайтуға бағытталған.

«Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениет қалыптастыру, заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету. Біз мұндай экскурсияларды жиі ұйымдастырамыз, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептерде дәрістер оқимыз. Наркотикалық қылмыстардың алдын алу, буллингпен, алаяқтықпен, қорқытып алушылықпен және жастар арасындағы өзге де құқықбұзушылықтармен күрес туралы түсіндіреміз», – деді Астана прокурорының көмекшісі Динара Тукеева.

Оның айтуынша, мұндай кездесулер нақты нәтижелер беріп жатыр.
«2023 жылы өткен ашық есік күнінен кейін бірнеше студент құқық қорғау жүйесімен кәсіби жолын байланыстыру туралы шешім қабылдап, бізде тағылымдамадан өтті», – деп қосты ол.
Іс-шараға қатысқан оқушылар прокуратураның жұмысымен алғаш рет жақынырақ танысқандарын және ведомство қызметіне жаңа қырынан қарағандарын атап өтті.

«Маған прокуратураның қаладағы қауіпсіздікті бақылап отыратыны ұнады. Ахуалдық орталықта көшеде болып жатқан жағдайларға мониторинг жүргізіп, құқықбұзушылықтарды алдын алуға тырысады», – деді 9-сынып оқушысы Темірлан.

Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.