«Жас көшбасшы»: Астанада ауқымды волонтерлік форум өтті

«Жас көшбасшы»: Астанада ауқымды волонтерлік форум өтті

Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназиясының қабырғасында «Жас көшбасшы: тұрақты болашақ құруда волонтерліктің рөлі» атты қалалық форум өтті. Іс-шара халықаралық волонтерлер күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Форумға Алматы және Сарайшық аудандары мектептерінің көшбасшылары, қоғамдық ұйымдар, әкімдік, прокуратура, құқық қорғау органдары, «AMANAT» партиясы, қалалық Білім басқармасы, БАҚ өкілдері және мектептің Қамқоршылық кеңесінің мүшелері қатысты.

№91 мектеп-гимназиясының директоры Алмагүл Сегізбай форумның маңыздылығын атап өтіп, белсенді және жауапты жастарды қалыптастырудағы рөлін ерекше атады:

«Біздің форум – мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және мектеп парламенттері президенттерінің кездесетін маңызды диалог алаңы. Бүгін біз тәжірибе алмасып, жаңа идеяларды тыңдап, өз жобаларымызға тың мәлімет аламыз. Волонтерлік тек жауапкершілік сезімін қалыптастырмай, сонымен бірге көшбасшылық қасиеттерді дамытады», – деді ол.

Форумда Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева «Волонтерлік – бейбітшілік пен ынтымақтастық құралы» тақырыбында сөз сөйледі. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлнәр Әбішева әлеуметтік бастамалардың тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесі жайлы баяндады. Астаналық Әйелдер күштері альянсының төрайымы Гүлзат Ізбасарова «Жас көшбасшылар мектебі» жобасы арқылы мектеп оқушыларының көшбасшылық қасиеттерін дамыту тәжірибесімен бөлісті.

Гүлзат Ізбасарова волонтерлік көшбасшылықты дамыту құралы деп атады:
«Волонтерлік өзін-өзі басқаруға, командалық жұмысқа, эмпатияға, келіссөз және сыни ойлау дағдыларына үйретеді».

Журналист және тележүргізуші Майя Бекбаева онлайн-платформалар мен медиа жобалардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі мүмкіндіктері туралы айтып берді:
«Журналистика – әлемді жақсартуға көмектесетін мамандық. Бірақ адамның ниеті осындай болса, оны кез келген мамандықта жүзеге асыруға болады», – деді.

№91 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы, «Асыл жүрек» волонтерлік клубының мүшесі Нұрай Асылхан өз тәжірибесімен бөлісті. Ол ерекше білім қажет ететін балалармен жұмыс істеудегі маңызды қағидаларды атап өтті: сенімге негізделген қарым-қатынас, эмоциялық жағдайға мұқият қарау және мұғалімдер мен ата-аналармен тығыз жұмыс.

Форум соңында мектеп-гимназиясының орынбасары Гүлнәр Ахметова волонтерлік клуб жұмысы мен оның әлеуметтік жауапты және бастамашыл оқушыларды тәрбиелеудегі рөлін атап өтті:
«Біз жыл сайын қалалық форум өткіземіз, ай сайын кездесіп, тақырыптарды талқылаймыз. Бүгінде клубымыздың мүшелері 500-ден асады және олардың белсенділігі артуда».

Сонымен қатар, форум қатысушылары үшін жеке қауіпсіздік, буллингке қарсы күрес, волонтерлік және көшбасшылық дағдыларды дамыту тақырыптарында мастер-кластар ұйымдастырылды. Сарапшылар практикалық дағдылар үйретіп, интерактивті жаттығулар өткізді және алған білімді қалай қолдануға болатынын көрсетті.