
Астанадағы «Келешек» мектептерінің бірінде ерекше білім беру жобасы жүзеге асты. Мұнда оқушылар үшін сирек кездесетін бауырымен жорғалаушылар және омыртқасыз жануарлар орналастырылған «Тірі табиғат» кабинеті ашылды. Мұндай кабинеттер алдағы уақытта қаладағы 100 жалпы орта мектепте ашылады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Тірі табиғат» кабинеті – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, жаратылыстану пәндеріне қызығушылығын арттыруға, зерттеушілік дағдыларын дамытуға арналған бірегей оқыту, ғылыми-танымдық және тәжірибелік орта. Кабинет оқу бағдарламасымен және сыныптан тыс жұмыстармен толық интеграцияланған, сондықтан 5-11 сынып оқушыларына арналған маңызды білім беру кеңістігі болып саналады.
Мұнда рептилиялар, өрмекшітәрізділер, омыртқасыздар, сондай-ақ жабық экожүйе элементтері орналастырылған. Жануарларды күтіп-ұстауға қажетті барлық жағдайлар – сапалы террариумдар, жарықтандыру, температура мен ылғалдылықты реттеу жүйелері қарастырылған. Бұл оқушыларға жануарлардың тіршілігін қауіпсіз жағдайда бақылап, оларды оқу мақсатына тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Кабинеттің басты ерекшелігі – тәжірибе арқылы оқыту. Оқушылар зертханалық жұмыстар орындайды, жануарлардың мінез-құлқын бақылайды, күнделік жүргізеді және шағын ғылыми жобалар әзірлейді.
Қазіргі уақытта мектеп оқушылары Йемен хамелеонының жұмыртқаларының инкубациясын бақылап, дамудың кезең-кезеңін зерттеп жатыр. Бұл жұмыс оларға ғылыми зерттеудің негізгі сатыларын іс жүзінде меңгеруге жол ашады.
Сонымен қатар, кабинетте оқушылар флорариумдар жасайды – шыны ыдыстарда шағын экожүйе құрып, өсімдіктер отырғызады, ылғал мен жарық режимін реттейді. Бұл тәжірибе арқылы олар ылғал айналымы, топырақтың түзілуі, өсімдіктер мен микроағзалардың өзара әсері туралы терең түсінік алады.
Жалпы алғанда, «Тірі табиғат» кабинеті – білім беру, тәрбие және ғылыми-зерттеу қызметін үйлестіретін маңызды жоба. Ол оқушылардың биология пәніне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, табиғатты зерттеу, бақылау, тірі организмдермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады.
Педагогтардың белсенділігі мен балалардың жоғары қызығушылығының арқасында бұл кабинет нақты ғылыми зертханаға айналып, жас зерттеушілердің сапалы білім алуына және табиғат әлемін тереңірек тануына мүмкіндік беріп отыр.