«Үздік авторлық бағдарлама»: астаналық педагогтар республикалық конкурсқа қатысты

«Үздік авторлық бағдарлама»: астаналық педагогтар республикалық конкурсқа қатысты

Алматы қаласында педагогтердің кәсіби дамуын қолдауы мен білім сапасын арттыру мақсатында дәстүрлі «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсы ұйымдастырылды. Оған Астана қаласының атынан қалалық кезеңнің жеңімпаз педагогтері қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Олар білім берудегі менеджменттен бастап, гуманитарлық, жаратылыстану, эстетика және қосымша білім салаларына дейінгі бірнеше бағыт бойынша авторлық бағдарламаларын жоғары деңгейде қорғап шықты.

Конкурстың басты мақсаты – оқу пәндері мен элективті курстар бойынша ең үздік авторлық бағдарламаларды әзірлеген педагогтердің тәжірибесін кеңінен насихаттап, білім беру жүйесіне жаңашыл әдістерді енгізу.

Байқауға қатысқан мекемелер қатарында №6 гимназия, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі, №83 және №87 мектеп-гимназиялары, №90 гимназия, №92 мектеп-лицейі, №97 мектеп-гимназиясы, №101 жалпы білім беру мектебі, BINOM SCHOOL мектеп-лицейлері (Ахмет Байтұрсынов, Қаныш Сәтбаев, Ыбырай Алтынсарин, Қадыр Мырза Әлі), Экономикалық лицей, Tamos Space School, №5 «Ақбота» балабақшасы, №64 «Асыл бөбек» арнайы балабақшасы және басқа да білім беру ұйымдарының үздік педагогтері болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер:
• І орын – 2 мекеме: №101 жалпы білім беру мектебі, №5 «Ақбота» балабақшасы

• ІІ орын – 5 мекеме: №6 гимназия, №90 гимназия, №97 мектеп-гимназиясы, Экономикалық лицей, №64 «Асыл бөбек» арнайы балабақшасы

• ІІІ орын – 5 мекеме: №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі, Ахмет Байтұрсынов атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі, Ыбырай Алтынсарин атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі, №83 және №87 мектеп-гимназиялар

• Алғыс хат – 3 мекеме: №6 гимназия, Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі, Tamos Space School