
Астанада көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Бостандық жырының бозжорғасы» республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық поэзияның өрісін кеңейтіп, азаттық рухын асқақ жырымен айшықтаған көрнекті ақынның мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл республикалық мүшәйраға еліміздің әр өңірінен 100-ден астам ақын қатысқан.
Әділқазылар алқасының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы қатысушылардың арасында жас шектеуі болмағанын айтты.
«Егер Несіпбек Айтұлы тірі болғанда, биыл 75 жасқа толар еді. Алаштың бағын, бабалардың рухын, Есілге келіп жайғасқан елорданы жырлаған, көзі тірісінде «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын әрі аудармашы Несіпбек Айтұлы қазақ руханияты мен әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Егер ол мұндай ұлы мұра қалдырмаса, бүгін алты алаш оның артында қалған асыл қазынасын бұлайша ардақтап, оның руханиятқа жасаған еңбегін осынша жоғары бағаламас еді», - дейді Дәулеткерей Кәпұлы.
Қазылар алқасының құрамында мемлекет сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, белгілі аудармашы, теоретик, профессор Сұраған Рахметұлы, еңбек сіңірген қайраткер ақын Жанат Әскербекқызы, Махамбет сыйлығының иегері Оңайгүл Тұржан секілді сөз зергерлерінен құралды.
Несіпбек Айтұлымен әдебиетке қатар келген ақын Серік Ақсұңқарұлы да өз пікірін айтты.
«Қазақ әдебиетінің классигі екеуіміз әдебиетке қатар келдік. Ол жат жұрттан келсе, мен осы жердің тумасымын. Біз әдебиетке жетпісінші жылдары қадам бастық. Несіпбектің бізден айырмашылығы ол қазақтың қара өлеңінің уызына жарыған, тілдің қасиетін бойына толық сіңірген елден келгені. Сондықтан оның поэзиясында өзіне ғана тән өрнек, табиғи данқыл бар. Науаидың «Хамсасын» аударып, әлемдік классика деңгейіндегі ірі еңбектер жасады. Әнге жазған мәтіндері дүниежүзілік поэзиядағы классикалық үлгіге жатады. Сондықтан оның тойына қатысу мен үшін үлкен мәртебе», - деді Ақсұңқарұлы.
Қатысушылардың көптігіне байланысты қазылар алқасы шешімімен бас жүлде екі ақынға, бірінші орын да екі ақынға берілді.
Сонымен қатар екінші және үшінші орындар тағайындалды.