
Астана қаласындағы №84 «Кәусар» балабақшасында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Мамандықтар әлемінде» атты қалалық семинар өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты бүлдіршіндерге еңбек адамының қадір-қасиетін ұғындыру, түрлі мамандықтың қоғамдағы маңызын таныту болды.
Семинар барысында балабақша тәрбиеленушілері құрылысшы, аспаз, тігінші, флорист, ұста сияқты кәсіп иелерінің жұмысын сахналық көріністер арқылы бейнелеп қана қоймай, археология саласына да қызығушылық танытты. Соның ішінде балабақшада жақында ғана ашылған археология бұрышын таныстырып, ежелгі жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізу секілді әрекеттерді түсіндіріп, археологияның қызықты әлеміне саяхат жасады. Бұл олардың танымдық қабілетін арттырып, жаңа білімге деген ынтасын оятты.
Іс-шараға Астана қаласындағы №95 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімдері мен қалалық балабақша меңгерушілері қатысып, «Кәусар» балабақшасының жұмыс тәжірибесімен танысты. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың да әртүрлі кәсіпке бейімделіп, қызығушылықтары бойынша қолдау тауып жатқаны ерекше атап өтілді.
Қалалық семинар еңбекке баулудың, балаларды әр саламен ерте жастан таныстырудың және болашақ мамандық таңдауға бағыттаудың маңыздылығын айқын көрсеткен тиімді шара болды.