«Заң және тәртіп» қағидаты аясында Астананың 10-11 сынып оқушылары мен мемлекеттік колледждердің 1-2 курс студенттері арасында қаржылық қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Qarzhy Saqshysy» компьютерлік ойыны өткізіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Бастама Астананың Экономикалық тергеу департаменті мен Білім басқармасы бірлесіп, 120 мектеп пен 9 колледжде жүзеге асырды.
Ойын AML Academy және Қаржылық мониторинг агенттігі тарапынан, Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен әзірленген. Жасөспірімдер жиі фишинг, банктер мен мемлекеттік қызметтердің жалған парақшалары, дропперлік схемалар, қаржылық пирамидалар мен көлеңкелі ойын платформалары арқылы алданады. Дәстүрлі дәрістер жеткіліксіз болуы мүмкін, ал интерактивті формат оқушыларды белсенді қатыстыру арқылы өзін-өзі қорғау дағдыларын қалыптастырады.
«Qarzhy Saqshysy» ойыны интерактивті тапсырмалар, мини-кейстер және нақты алаяқтық сценарийлеріне негізделген сұрақтардан тұрады. Жүйе оқиға дамуының бірнеше нұсқасын ұсынады, ал ойыншы ең қауіпсіз және тиімді жолды таңдайды. Бұл тәсіл материалды есте сақтауды жақсартып қана қоймай, мінез-құлық дағдыларын – дереккөздерді тексеру, күдікті сұрауларды тану және интернеттегі қауіпті әрекеттерден аулақ болу қабілетін қалыптастырады.
Жоба 15 желтоқсанға дейін жалғасады. Ойын тапсырмалары аяқталған соң нәтижелер автоматты түрде талданып, жалпы рейтинг кестесіне енгізіледі.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен сертификаттар алады.
Астананың Экономикалық тергеу департаментінің аға қызметкері Айнұр Хамзаева цифрлық қауіптер тек түсіндірумен шектелмей, практикалық дағдыларды қажет ететінін атап өтті.
«Ойын нәтижелерін талдай отырып, оқушылардың цифрлық қауіпсіздік негіздерін меңгеру деңгейін көріп отырмыз. Жасөспірімдер қажетті білімсіз алаяқтардың құрбаны болу оңай екенін түсінуі керек», – дейді ол.
Сондай-ақ маман ведомство қызметкерлері мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында дәрістер оқитынын, еңбек ұжымдары, мұғалімдер және ересек азаматтармен кездесулер өткізетінін атап өтті.
«Qarzhy Saqshysy» ойынын әзірлеушілер болашақта оны басқа жас топтарына бейімдеуді жоспарлап отыр.
Интерактивті оқытуды кеңінен енгізу жастардың цифрлық тұрақтылығын арттыруға және жасөспірімдердің көлеңкелі схемалар мен алаяқтық операцияларға тартылу жағдайларын азайтуға мүмкіндік береді деп санайды ұйымдастырушылар.
