
Шорт-тректен 2-3 желтоқсан күндері аралығында «Алау» мұз сарайында Астана қаласының ашық чемпионаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жатқан бәсекеде 9-15 жас аралығындағы спортшылар жүлдеге таласты.
Сайысқа Астана қаласынан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы, Қостанай облысы, Ақмола облысының өрендері де келді.
2 күнге жалғасқан турнирде жас ерекшелігіне байланысты қатысушылар 222, 333, 500, 777 метр қашықтықта жеңімпаздарды анықтады.
«Astana Open» жарысының қорытындысы бойынша, Астана қаласының құрамы жасақталып, жүлдегерлер медальмен, арнайы кубокпен марапатталды.
Айта кетейік, шорт-тректен астаналық спортшылар республикалық деңгейде көшбасшылардың қатарына кіреді. Ересектер арасында Абзал Әжіғалиев, Ольга Тихонова сынды отандастарымыз қысқы Олимпиада ойындарына тұрақты қатысып жүрсе, жасөспірімдер арасында Богдан Вехов сынды жас таланттарымыз Әлем Кубогы кезеңдерінде үнемі жүлдегерлердің қатарына кіріп жүр.