
Астанада X Республикалық WorldSkills Kazakhstan – 2025 чемпионаты басталды. Оған еліміздің әр аймағынан колледж студенттері – болашақ жұмысшы және техникалық мамандар жиналды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Республикалық турнирдің жеңімпаздары 2026 жылы Қытайда өтетін WorldSkills әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғап, ЖОО грантына ие болады.
Жобаның мақсаты – кәсіби білім жүйесін дамыту және өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларына халықаралық стандартқа сай кадр даярлау. Үш күн бойы қатысушылар техникалық және жұмысшы мамандықтар бойынша кәсіби шеберліктерін сынайды.
Биыл чемпионат 4-6 желтоқсан аралығында халықаралық EXPO көрме орталығы алаңында өтеді. Қатысушылар IT, сервис, құрылыс, көлік және басқа да негізгі бағыттар бойынша жарысады. Астанадан турнирге 47 студент қатысып, 39 құзырет бойынша сынға түседі. Барлығы аймақтық іріктеуден өтіп, тәлімгерлер мен сарапшылардың жетекшілігінде дайындалған.
Ұлттық кезеңде биыл алғаш рет студенттерге жаңа бағыт бойынша жарысу ұсынылды, оның ішінде локомотив машинистерін даярлау және IT саласындағы бағыттар бар.
«Бұл чемпионат біз үшін мерейтойлық – республикалық деңгейде оныншы. Осыған дейін жарыстар шамамен 30 құзырет бойынша өтсе, Еңбек жылында олардың саны 45-ке жетті. Чемпионатқа 800-ден астам адам қатысады, бағалайтын сарапшылар саны 700-ден асады», – деді Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіби білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.
Чемпионатқа өз колледждерінде үздік болған, тек аймақтық жарыстардың жеңімпаздары қатысады. Өткен жылы Астананың бір колледжінің үш студенті ұлттық кезеңде жеңімпаз атанған.
«Қалалық чемпионатта біздің үш студент жұмысшы мамандықтар бойынша бірінші орын алды – дәнекерлеу, кірпіштен салу және машиналарды техникалық қызмет көрсету. Биыл да чемпионатқа қатысамыз. Жыл бойы студенттерді кәсіби-техникалық колледждің базасында әлеуметтік серіктестермен бірге дайындадық. Астананың атынан ел намысын лайықты түрде қорғаймыз деп үміттенеміз», – деді Астана кәсіби-техникалық колледжінің директоры Римма Имангазинова.
Чемпионатқа қатысу тәжірибесі туралы 3-курс студенті Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық колледжінің студенті Шермұхамед Рахметов бөлісті:
«Мен 3D-модельдеу, концепт-арт, текстуралау, анимация және жобаны ойын қозғалтқышына жүктеуді көрсеткім келеді. 3D-модельдеу – компьютерлік ойындарды әзірлеудің негізі, мұнда модельмен және анимациямен жұмыс істеу маңызды. Менің өз командам бар, жобамызды Play Market-ке жариялап, Steam платформасына шығарамыз. Мақсатым – чемпионатта алтын алу және Қазақстан намысын әлемдік турнирде қорғау», – деді ол.