Қысқы тазалық жаңа деңгейде: «Астана Тазалық» электрондық жол парағы жүйесін іске қосты

Қысқы тазалық жаңа деңгейде: «Астана Тазалық» электрондық жол парағы жүйесін іске қосты

Астанада коммуналдық саланы цифрландыру – қаланың инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық бағыттардың бірі. «Астана Тазалық» кәсіпорны өзінің цифрлық жаңалықтарын таныстырды. «Цифрлық жол қағазы» – енді Астана көшелеріне шыққан әр техника қандай бағытта жүр, қандай көлемде реагент шашты, қай уақытта жұмыс бастады – бәрін нақты уақыт режимінде көрсететін болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қалың қарымен, қатты желімен ерекшеленетін сарыарқа қысы жыл сайын жол және коммуналдық қызмет үшін үлкен сынаққа айналады. Осыны ескере отырып, кәсіпорын басшылығы алдағы маусымда жұмыстың тұрақты әрі үздіксіз жүруі үшін қабылданған барлық шараны егжей-тегжейлі көрсетті.

«Дәл осы жұмысшылар таңмен таласа жұмысқа шығып, көшелердің таза әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді. Олардың еңбегі – елорданың жайлы өмірінің негізі», – деді кәсіпорынның бас директоры Замир Сагинов.

Кәсіпорынның негізгі цифрлық шешімдері таныстырылды. Оның орталық элементі – электрондық жол парағы жүйесі. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде қай арнайы техника қай жерде жұмыс істеп жатқанын, оның жүріп өткен маршрутын, қанша реагент себілгенін және жұмыстың қай уақытта басталғанын көрсетеді. Бұл – тек бақылау құралы ғана емес, коммуналдық қызметтің ашықтығын арттыратын, жұмыстың тиімділігін бірнеше есе күшейтетін жаңашылдық. Бұл шешім қазіргі уақытта қаланың 393 арнайы техникасына енгізіліп, есептілікті автоматтандыру, ЖЖМ шығысының ашықтығы және тиімді маршруттық жоспарлау бойынша жоғары нәтижелер көрсетуде.

Цифрландыру процесі қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығы саласын да қамтыды. Жұмыс барысындағы тәуекелдерді азайту мақсатында «Med365» және «Adal Check» жүйелері енгізілді. Бұл платформалар қызметкерлердің күнделікті медициналық тексеруден өтуін онлайн форматта тіркеп, машинистер мен жүргізушілердің жұмысқа рұқсат алу тәртібін нақты бақылайды. Нәтижесінде төтенше жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі артады.

Кәсіпорындағы тағы бір заманауи жаңалық – көліктерге орнатылған жүргізушінің шаршауын бақылау жүйесі. Ол кабинаның ішіндегі барлық бұзушылықтарды тіркейді.

Айталық, жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаса, маршрут ауыстырса немесе ұйықтап кетсе, жүйе бірден реакция білдіреді. Бұл апаттардың алдын алып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.