
Астанада биыл ғана ашылған №119 орта мектеп санаулы уақыт ішінде білім мен спорттан алғашқы жетістіктерін көрсетті. «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған бұл мектеп Байқоңыр ауданындағы үш ауысымдық оқуды азайтуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған мектеп елорданың Байқоңыр ауданында орналасқан. 2000 орынға арналып салынған ғимарат аудандағы үш ауысымдық мектептерге оң әсерін тигізген.
«Мектебімізде жалпы 98 оқу кабинеті мен зертханалар бар. Кітапхана, төрт спортзал, инклюзия кабинеті жұмыс істеп тұр. Әр кабинетте интернет желісі қосылған, интерактивті тақталар қойылған. STEM дағдыларын, робототехника негіздерін оқыту және зертханалар қарастырылған», – деді мектеп директоры Гүлжан Алдажар.
Оның айтуынша, мектепте білім алушылардың жас ерекшелігіне қарай үйірмелер қарастырылған. Бастауыш сыныптарға ұлттық ойындар – асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, сонымен қатар карате, волейбол, баскетбол, футбол, дзюдо секциялары, шебер қолдар, шахмат үйірмелері бар.
«Жалпы мектебімізде 143 мұғалім қызмет етеді. Білікті, тәжірибелі ұстаздар, сол сияқты жас мамандар жұмыс істейді. Тәлімгерлер мен тәлім алушылар жұмысы да жолға қойылды», – деді Гүлжан Жиенқызы.
Мектеп директорының сөзінше, оқушылар көптеген қалалық, республикалық білім, спорт сайыстарында біршама жетістікке жеткен. Оның ішінде 10-сынып оқушылары ұстаз Айгүл Алдабаеваның жетекшілігімен STEM-олимпиадасының қалалық кезеңінен өтіп, халықаралық кезеңге жолдама алған.
Сонымен қатар мектеп оқушысы Салтанат Маткулиева «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырған «Ұшқышсыз ұшу жүйелері» аймақтық байқауының ІІ дәрежелі жүлдегері атанған.
Мектепте қауіпсіздікке басымдық берілген. Кіреберіс пен аумақтың қауіпсіздігі ішкі және сыртқы бейнебақылау камералары арқылы бақыланады.
Өрт дабылы мен түтін детекторлары орнатылған. Төтенше жағдай кезінде эвакуациялық жоспарлар құрылған. Оқушылар мен мұғалімдерге жоспарлы эвакуация жаттығулары өткізіледі.