
Астана қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты «Күміс еріктілер» клубында 100-ден аса зейнеткер бар, олардың орта жас шамасы 61-75 жас аралығында, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ерікті ата-әжелер Астана қаласында өтетін қайырымдылық акциялары мен экологиялық сенбіліктерге белсене атсалысады, тегін шеберлік сабақтарын өткізіп, ұрпақтар сабақтастығы аясында қала мектептерімен, студент жастармен бірлесіп жұмыс істейді.
Сонымен қатар, орталықтың күміс еріктілері «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігімен және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен меморандум аясында көптеген игі шараларды атқарды.
Қаладағы ерікті зейнеткерлер қайырымдылық іс-шараларға жиі жұмылдырылады. Мәселен, Нұра ауданының «Күміс еріктілер» клубының мүшелері «Шарапат» қарттар үйінде концерттер, «Жансая», «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қайырымдылық акцияларын өткізді. Бос уақыттарында «Күміс еріктілер» клубының әжелері мүмкіндіктері шектеулі балаларға арнап киім-кишектер тоқып, қолдан сыйлықтар жасайды.
Мәселен, қараша айында Байқоңыр мен Сарыарқа аудандарындағы арт-терапия үйірмесіне қатысатын ерікті әжелер Халықаралық шала туған балалар күніне орай жыл сайынғы игі дәстүрмен «Ана мен бала» орталығына барып, табиғи жүннен өз қолдарымен тоқыған киім-кишектерді сыйға тартты.
«Биылғы қайырымдылық шарасына зейнеткерлеріміз ерекше дайындалып, екі ай бойы бас қосып, табиғи жүннен сәбилерге арналған бұйымдар – шұлық, бас киім, пинетка және шағын пледтер тоқыды. Барлық бұйымдар қолмен жасалып, әрқайсысына жүрек жылуы мен шексіз мейірім сіңірілген.
Елімізде волонтерлер 14 бағыт бойынша волонтерлік жұмыстарға араласса, біздің зейнеткерлер негізгі 3-4 бағытта ерікті түрде, ақысыз қоғам игілігі үшін жұмыс жасайды. Алдағы 2026 жыл – халықаралық волонтерлер жылы деп жариялануына байланысты, алға қойған арнайы жоспарымыз да бар. Осыған байланысты әлеуметтік қорғау бағытында салалық волонтерлікті дамыту жөнінде әдістемелік көмек беру үшін арнайы тренинг өткіздік.» - деп пікір білдірді Перспективті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Қымбат Тасымова.
Дүниежүзілік еріктілер күніне орай Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 30-ға жуық ерікті зейнеткер марапатқа ұсынылды.