
Астанада «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» атты халықаралық кампания жалғасып жатыр. Бұл туралы «Отбасылық табыс орталығы» қоғамдық қорының директоры, ІІМ-нің бұрынғы қызметкері Роза Бекішева айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара 25 қарашада басталып, 10 желтоқсанда – Адам құқықтары күніне орай аяқталады.
Роза Бекішеваның айтуынша, Астанада гендерлік және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында көптеген шара ұйымдастырылған.
«Отбасындағы құқықбұзушылық профилактикасымен айналысатын инспекторлар жағдайы төмен отбасыларды аралап, түсіндіру жүргізуде.
Ақпараттық кампанияға түрлі ұйымдар қосылып жатыр. Тіпті, осы күндері қаланың басты нысандары да қызғылт-сары түспен жарықтандырылды. Бұл түс – БҰҰ таңдаған зорлық-зомбылықтан ада болашақтың, үміт пен қауіпсіздіктің символы.
Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тек полицияның міндеті деп саналса, қазір бұл жұмысқа көптеген мемлекеттік орган, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салалары белсенді түрде атсалысып отыр. Биылғы іс-шарада назар тек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекетке ғана емес, соңғы жылдары өте өзекті мәселеге айналған цифрлық зорлық-зомбылықпен күреске де аударылған», – деп атап өтті Роза Бекишева.
Сарапшы сол сияқты тұрмыстық тиранияға ұшырап жүрген әйелдерге маңызды кеңестер берді:
«Ең алдымен, қорықпау қажет. Қазір заң күшейтілді, зорлық-зомбылыққа қарсы нақты шаралар бар. Бұрын тек жәбірленушімен жұмыс істесе, қазір агрессормен де психологтар жұмыс жүргізеді.
Егер әйел зорлыққа тап болса, бірінші кезекте 102-ге қоңырау шалу керек. Арыз міндетті түрде тиісті қызметке жіберіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері – қаржылық қиындықтар, жұмыссыздық, сондай-ақ алкоголь мен есірткі қолдану», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қазір азаматтардың құқықтық сауаты артқан. Бұған әлеуметтік желілер үлкен ықпал етуде.
«Көпшілік соңғы өзгерістерді, қандай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін біліп жүр. Қазір заңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бірнеше түрі анық көрсетілген: физикалық, сексуалдық, экономикалық және психологиялық. Мен бұл тізімді кеңейтуді ұсынып жүрмін. Себебі тәжірибемде әйелдердің шағымдары осы санаттардың ешқайсысына дәл келмейтін жағдайлар болған», – деді Роза Бекішева.