«Заң және тәртіп»: Астанада есірткі зертханасы жойылып, үш қылмыстық топ ұсталды

«Заң және тәртіп»: Астанада есірткі зертханасы жойылып, үш қылмыстық топ ұсталды

Есірткі бизнесі қоғамдық қауіпсіздікке төнетін ең үлкен қатерлердің бірі болып қала береді. Ол халық денсаулығына, әлеуметтік тұрақтылыққа және ұлттық қауіпсіздікке елеулі зиян келтіреді. Елордада синтетикалық есірткі айналымына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс туралы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Спикердің айтуынша, елордадағы есірткінің негізгі көзі – жасырын есірткі зертханаларында өндірілетін синтетикалық заттар. Оларды жасау оңай әрі интернет арқылы тез таралуы салдарынан мұндай есірткілер қала ортасына жылдам еніп жатыр. Осыған байланысты полицияның жеке құрамына есірткі зертханаларын анықтау және есірткі таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу міндеті қойылған.

«Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында есірткі қылмыстарының алдын алу және анықтау бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындалып, департаменттің барлық бөлімшесіне жолданды.

Биыл арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында интернет арқылы есірткі саудалаған үш ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.

Сондай-ақ синтетикалық есірткі өндіретін бір есірткі зертханасы жойылды. Қылмыстық схемалардың барлық қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Әлия Қибатқызы.

Жыл басынан бері синтетикалық есірткіге қатысты 698 іс тіркелген. Оның 207-сі – қылмыстық сипаттағы факті, оның ішінде 138-і – есірткі сату деректері. Заңсыз айналымнан 45 келіден астам синтетикалық зат алынды.

Елорда полицейлері күнделікті интернет-кеңістікті бақылап, есірткі жарнамасы мен сатылымына қатысты заңсыз контентті анықтап отырады.

Нәтижесінде 1 263 интернет-ресурс бұғаттауға жолданған.

Сонымен бірге есірткі қылмысы үшін пайдаланылған 2 564 банк картасы бұғатталды. Оларда айналған жалпы сома – 55,6 млн теңге. Есірткіні насихаттау немесе заңсыз жарнамалау фактілері бойынша ҚР ҚК 299-1-бабы бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды.

11 наурыздан бастап ҚР ӘҚБтК-нің 440-1-бабы күшіне енді. Ол есірткіні медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырады. Осы уақыт ішінде 683 адам жауапкершілікке тартылып, олардың 510-ы әкімшілік қамауға алынды.

#законипорядок #заңжәнетәртіп