
Елордада 6-7 желтоқсан күндері Ақмола, Абай, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қатысуымен кезекті «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңке Алаш тасжолы, 35Б мекенжайында орналасқан «Keryen Joly» сауда орталығының автотұрақ аумағында ұйымдастырылады.
Осы күндері аталған сауда орталығында қала тұрғындарына жақсы таныс ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де өтеді. Мұнда еліміздің түрлі өңірлерінен келген жергілікті фермерлер мен өндірушілердің өнімдері ұсынылады.
Қала тұрғындары мен қонақтары көкөніс пен жеміс-жидек, ет, ұн және сүт өнімдері, нан-тоқаштар, табиғи шырындар, тосап, джем және басқа да көптеген тауарларды қолжетімді бағада сатып ала алады.
Жәрмеңке әр демалыс күні таңғы 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді.
Қонақтардың ыңғайы үшін жәрмеңке маңына №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 81, 307 және 317 бағытындағы автобустар қатынайды.