
Елордада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында есірткінің алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елорда полициясының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен «Esil University» бірлесіп өткізген «Астана – есірткісіз қала» акциясы студенттерге профилактикалық мазмұндағы кездесулерді қамтыды.
Жастармен жүздесу үшін әлемдік рекордтарды жаңартқан қазақстандық алып күш иесі Сергей Цырульников, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы, боксшы Мерей Ақшалов, елге белгілі актер, тележүргізуші, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов келді. Сонымен бірге, блогер Нұргелді Кердеш жастар ортасының тілін табатын еркін әңгіме өрбітті.
Медициналық тұрғыдан түсіндіру мақсатында қалалық психикалық денсаулық орталығының маманы Русалина Молдахметова сөз сөйлесе, құқықтық қауіптерді Астана қаласының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров баяндап берді.
Акция аясында арнайы бөлімшелердің көрсетілімдері ұйымдастырылды.
Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы қызметтік иттердің іздеу және анықтау әдістерін көрсетті. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ тактикалық элементтерді орындап, құқық қорғаушылардың кәсіби дайындығын танытты.
Бұл көрсетілімдер студенттердің назарын аударып, іс-қимылды жүзеге асыру барысын көрсетті.
#законипорядок #заңжәнетәртіп