Астанада садақ атудан Қазақстанның қысқы чемпионаты басталды

Астанада садақ атудан Қазақстанның қысқы чемпионаты басталды

Астананың Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында алғаш рет ересектер мен жастар арасында садақ атудан Қазақстанның қысқы чемпионаты басталды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

5 желтоқсанға дейін өтетін бәсекеге еліміздің 12 өңірінен келген 300-ден астам спортшы бақ сынайды. Олардың қатарында Олимпиада, Азия ойындары, әлем және Азия чемпионаттарының қатысушылары мен жүлдегерлері бар.

Чемпионат аясында жекелей және командалық сайыста 20 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал финалдар 5 желтоқсанға жоспарланған.

«Садақ атуда чемпионат жазғы және қысқы болып бөлінеді. Жазғы маусымда спортшылар 50 және 70 метр қашықтықтан атса, қыс мезгілінде нысананың қашықтығы 18 метрді ғана құрайды. Бұған дейін қысқы чемпионаттар Шымкент, Теміртау қалаларында ұйымдастырылып еді. Енді алғаш рет Астанадағы заманауи спорт кешенінде өткізудің сәті түсті. Жылы әрі спортшыларға өте қолайлы», – деп садақ атудан ұлттық құраманың бас бапкері Бауыржан Жолдыбаев ризашылығын білдірді.

Ашылу салтанатында Токио және Париж Олимпиадасының қатысушысы Ильфат Абдуллин мен блоктық садақ атудан Азия чемпионы Андрей Тютюн өз шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ құрметті қонақтар да садақты қолға алып, өз бақтарын сынап көрді.

Айта кетейік, жарыстың бірінші күні іріктеу кезеңі өтеді. Ал ертең плей-офф кезеңдері басталады.

Қазақстан чемпионатында спортшылар жеке, аралас жұптық, командалық сайыс түрлерінде жүлдегерлерді анықтайды.