Астанада ауыр атлетикадан ел чемпионаты басталды

Астанада ауыр атлетикадан ел чемпионаты басталды

Астана қаласында ауыр атлетикадан ел чемпионаты өтіп жатыр. «Алатау» спорт сарайында біріншіліктің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

1-7 желтоқсан аралығындағы байрақты бәсекеге еліміздің 17 өңірінен кіл мықты 177 спортшы жиналды. Олардың қатарында әлем чемпиондары – Нұрғиса Әділетұлы мен Артём Антропов та бар.

«2022 жылдан кейін Астана қаласы ауыр атлетикадан қайтадан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатын ұйымдастырып жатыр.

Спортшылардың құрамы да өте мықты. Алдағы күндері ауыр атлеттеріміз елорда төрінде рекорд жаңартады деп сенемін. Шын мықтылар жеңіске жетіп, 2026 жылы спортшыларымыз Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарында ел намысын абыроймен қорғайды деп ойлаймын», – деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.

Бүгінгі бәсекелерде ерлер арасында 65 келі және әйелдер арасында 58 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталады.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионатында жекелей жаттығулар бойынша 54 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.