Елордада «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Астана қаласының Білім басқармасы бірлесіп, барлық 120 мемлекеттік мектепте және 9 мемлекеттік колледжде 10-11-сынып оқушылары арасында «Qarzhy Saqshysy» компьютерлік ойынын өткізіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жобаны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен AML Academy және Қаржылық мониторинг агенттігі әзірлеген.
Қазіргі таңда жасөспірімдер құмар ойындар, фишинг, телефон арқылы алдау, қаржы пирамидалары және дропперлік әрекеттер сияқты қауіптерге жиі тап болады. Сондықтан қаржылық тәуекелдерді тануға және дұрыс шешім қабылдауға үйрететін интерактивті құралдың маңызы зор.
Ойын жасөспірімдердің қаржылық алаяқтық схемалары туралы білімін арттыруға бағытталған: қаржы пирамидалары, дропперлік, фишинг, цифрлық гигиена және қауіпсіздік.
«Qarzhy Saqshysy» – 10-11-сынып оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттеріне бейімделген интерактивті тапсырмалар, қысқа жағдайлар және қаржылық қауіпсіздік бойынша сұрақтар жинақталған. Мұндай формат материалды жақсы қабылдауға, қауіпсіз қаржылық дағдыларды нығайтуға және цифрлық ортада сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға көмектеседі.
Қаржылық қауіпсіздікті арттыруға және жасөспірімдерді заманауи қауіптерден қорғауға бағытталған «Qarzhy Saqshysy» ойыны 1 желтоқсан бастап өткізіліп жатыр және 2025 жылдың 15 желтоқсанына дейін жалғасады.
Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады.