
Астанада Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні аясында тұрғындардың АИТВ туралы ақпараттануын арттыруға және осы диагнозбен өмір сүретін адамдарды қолдауға бағытталған профилактикалық және білім беру іс-шаралары өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласының АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мәліметінше, қалада халықтың барлық топтарының АИТВ-ның алдын алу және емдеу қызметтеріне сапалы әрі қолжетімді түрде қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін түрлі шаралар қабылданып жатыр.
Медициналық ұйымдарда көрсетілетін қызметтермен қатар, негізгі топтарға жататын тұрғындар ЖИТС-ке қарсы қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымдарда инвазивті емес экспресс-тест тапсырып, кеңес ала алады.
Қала халқының жыл сайын 25%-дан астамы АИТВ-ге қарсы тексеруден өтеді.
Анализдер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіреді және АИТВ орталығында да, тіркелген бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында да қолжетімді. Уақытылы диагностика пациенттердің антиретровирустық терапия алу мүмкіндігін арттырады. Бұл ем Қазақстанда тегін ұсынылады.
10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған кампания аясында елордада түрлі іс-шаралар өтіп жатыр.
Олардың қатарында Білім басқармасы, Полиция департаменті, пенитенциарлық жүйе және үкіметтік емес ұйымдар қатысатын ведомствоаралық шаралар бар.
АИТВ профилактикасының жаңартылған стратегиялары мен әдістемелері әзірленіп, білім беру ұйымдарында тестілеудің қолжетімділігін қамтамасыз ету және профилактикалық, ағартушылық жұмыстар жүргізу ісінде Жастар денсаулығы орталықтарының рөлі күшейтілді.
Астанада экспресс-тестілеумен бірге акциялар, білім беру форумдары, флешмобтар, дөңгелек үстелдер, оқушылар мен студенттерге арналған байқаулар, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қала кинотеатрларында тұрғындарды өз АИТВ-статусын білуге шақыратын әлеуметтік роликтер көрсетілуде.
Осы жылдың 10 айында 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда елордада АИТВ инфекциясының жаңа жағдайларының үлесі 14,7%-ға төмендеген.