«Заң және тәртіп»: Астанада әлеуметтік драма жанрында «Екі ғұмыр» қойылымының премьерасы өтті

«Заң және тәртіп»: Астанада әлеуметтік драма жанрында «Екі ғұмыр» қойылымының премьерасы өтті

Астана қаласында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Музыкалық жас көрермен театры» әлеуметтік драма жанрында «Екі ғұмыр» атты жаңа қойылымының премьерасын қойды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Екі ғұмыр» – қазіргі қоғамда жиі кездесетін әлеуметтік түйткілдер, отбасы ішіндегі күрделі қарым-қатынастар мен адамгершілік таңдауларды терең бейнелейтін мазмұнды драма. Қойылым ел алдында сыйлы азамат Жұмағұл Садуақасұлының отбасындағы күрделі жағдайды көрсете отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайды.

Премьераның негізгі мақсаты – жас ұрпақ арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, зиянды әдеттердің қауіптілігін көрсету.

Қойылымның қоюшы-режиссері – Бауыржан Нұрбай, сахна суретшісі – Айдана Еңгебай, костюм суретшісі – Іңкәр Кәрімова, қоюшы хореограф – Айгүл Амандықова, жарық суретшісі – Ермек Мұхтарұлы, дыбыс режиссерлері – Дастан Мерғалиев пен Асылжан Асқаров, режиссердің көмекшісі – Айдана Жетешова.

Режиссер Бауыржан Нұрбай қойылымның идеясы туралы баяндап, қазіргі қоғамдағы жаман әдеттерден жастарды сақтандыру керек екенін айтып өтті.

«Оқиға әке мен баланың қарым-қатынасын және оларды қалыптастыратын ортаны суреттейді. Бұл ортада қыздың әкесіне деген махаббаты ерекше орын алады. Бастапқыда ол әкесін ең керемет, ең жақын жан деп қабылдайды.

Алайда уақыт өте келе әкесінің қоғамның улануына, жастардың есірткіге тәуелді болуына және лудоманияның күшеюіне үлес қосып жүргенін біледі.

Осы шындықты түсінген сәтте баланың әкесіне деген көзқарасы түбегейлі өзгереді», – дейді ол.

#законипорядок #заңжәнетәртіп