
Елордада Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» орталығы, «Еңбек мобильділігі» орталығы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп, жұмыс іздеп жүрген тұлғалар, елордалық ЖОО түлектері және елорда жастары үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңке барысында жүзге жуық жұмыс беруші өз компанияларының таныстырылымын өткізіп, бос вакансияларын ұсынып, өздеріне деген ең қолайлы кандидаттардың базасын қалыптастырады. Жұмыс іздеушілер өз кезегінде компаниялардың HR-менеджерлерімен тілдесіп, қызықтырған сұрақтарын қойды.
«Мен – туризм мамандығы бойынша 2 курс студентімін. Биыл Түркияға университет арқылы барып, маусымдық жұмыс істеп қайттым. Сол тәжірибе барысында жалақының да, қызметкерлерге деген қарым-қатынастың да жоғары деңгейде екенін көрдік. Бұл маған үлкен мектеп болды, туристік қызмет көрсету мәдениетін түсінуіме мүмкіндік берді. Сонымен қатар шетелде жұмыс істей жүріп, өз елімізде де туризм саласын дамытуға үлес қосқым келетінін анық сезіндім. Ең бастысы, өз мамандығым бойынша жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе жинақтауға әрқашан дайынмын. Сол себепті қазіргі уақытта түрлі вакансияларды қарап, өзіме лайық жұмыс орнын іздеп жүрмін», – дейді ЕҰУ студенті Гүлнұр Емутбаева.
Айта кетейік, Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.