
Елордада халқымыздың күй өнерін сақтау мен насихаттауға бағытталған дәстүрлі «Астана – күй қанатында» атты III қалалық домбырашылар фестивалі өтті. Оның аясында «Күйшілік өнердің қазіргі жағдайы мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның бастамашысы – Астана қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отырған Республикалық «Күй анасы» қоры.
«Қазақ күй өнерінің қазіргі жағдайы мен болашағы» атты дөңгелек үстелде күй саласын зерттеп жүрген зерттеуші ғалымдар ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерін талқылады.
Республикалық «Күй анасы» қоғамдық қорының басшысы Төлеген Қуанышбаев «Күйшілік өнердің қазіргі жағдайы мен болашағы» атты дөңгелек үстелдің мақсаты туралы айтып берді.
«Қазақ халқының тарихы тереңде жатыр, осы тарихымыздың ішінде қазақ өнерінің алатын орны ерекше. Күйшілік өнер - қазақтың тұнып тұрған тарихы.
Күйшілік өнерді бүгінгі күнге жеткізуге еңбек сіңірген күйшілеріміз, күй өнерін зерттеушілеріміз бар. Соның ішінде Дина Нұрпейісованың алатын орны бір төбе десек болады. Бүгінгі дөңгелек үстелде ғалымдар, зерттеушілер бас қосып, күй өнері туралы ойларын, өзекті мәселелерін ортаға салады. Қазақ халқының ұлттық аспаптары, соның ішінде домбыраның мәртебесін көтеріп, кеңінен насихаттауды мақсат тұтып отырмыз», - деді Төлеген Қуанышев.
Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің домбыра кафедрасының профессоры Айтжан Тоқтаған күй өнерін зерттеу және сақтау, насихаттау мәселесінің өзекті болып отырғанын айтты.
«Күй кәсіби жолмен дамуда, күйді зерттеуге бағытталған жақсы бастамалар қолға алынып жатыр деп айта аламыз. Бұл академик Ахмет Жұбановтың, оның шәкірттерінің - бүгінгі зерттеушілердің еңбегі дей аламыз. Десек те, күй - құны жетпес қазына. Оның сақталуына ерекше назар аударуымыз керек», - деді профессор Тоқтаған.
Айта кетейік, шара қалалық домбырашылар фестивалімен жалғасады.
Байқау балалар мен жастар арасында патриотизмді, рухани құндылықтарды және ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Байқауға 14-18 және 19-35 жас аралығындағы күй орындаушылар қатысады.
Байқау қорытындысы 5 желтоқсан күні жарияланады.