Осы жылдың өткен кезеңінде елордада 38 құқық бұзақылық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға аз. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Саяхат Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
38 істің 24-і тергеп-тексерумен аяқталған, 9 адамға үкім шығарылды. Оның үш адам 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Қалған материалдар тергеуде.
«Талдау көрсеткендей, бұзақылықтың басым бөлігі қоғамдық орындарда, көбіне алкоголь әсерімен және ашық бұзақылық ниетпен жасалады. Мұндай құқықбұзушылықтар, әдетте, ашық түрде жасалып, күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жүзеге асады.
Биыл осындай мән-жайлар бойынша 21 қылмыстық іс тіркелді», – дейді спикер.
Мысалы, Алматы ауданындағы ойын-сауық орнында екі топ арасындағы жанжал кезінде қатысушылардың бірі пневматикалық қарудан ауаға екі рет оқ атып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Іс 2025 жылғы 5 қарашада сотқа жолданды.
Тағы бір оқиға түнгі клубтардың бірінің маңында болды. Алдын ала сөз байласқан клубтың 5 жалдамалы күзетші келушілерді соққыға жыққан. Барлық күдіктілерге жаза тағайындалып, кейбірі екі жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Барлық дерек бойынша кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура деректеріне сәйкес, бұзақылықтың 42%-ы (38 істің 16-сы) топпен жасалған. Күдіктілердің басым бөлігі – 14 пен 47 жас арасындағы ер адамдар. Олардың ішінде жұмыссыздар мен бұрын сотталғандар көп.
Қалалық прокуратура Қылмыстық кодексте бұзақылық үшін жауапкершіліктің түрлі деңгейі көзделгенін еске салады. Негізгі құрам бойынша 2000 АЕК-ке дейін айыппұл, түзету немесе қоғамдық жұмыстар, сондай-ақ екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Егер қылмыс топпен немесе алдын ала сөз байласу арқылы жасалса, жаза күшейтіледі: 3000-7000 АЕК айыппұл, 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 3-6 жылға дейін бас бостандығынан шектеу не айыру. Қаруды немесе арнайы бейімделген заттарды қолдана отырып жасалған бұзақылық үшін 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Елордада профилактикалық жұмыс күшейтілді. Қылмыс жиі тіркелетін ойын-сауық орындарының маңында патрульдеу арттырылды. Қаланың Оперативтік басқару орталығына 15 039 бейнекамера қосылған, қосымша 2000 камера криминогенді учаскелерге орнатылуда.
Прокуратура бастамасымен халық тығыз шоғырланатын жерлерге тұлғаларды тану функциясы бар 972 камера орнатылды. Бақылау нәтижесінде 13 күзет агенттігі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың бірі лицензиясынан айырылды. Тергеу бөлімшелерінің алдында қылмыстық істерді сапалы тергеу және осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу міндеті тұр.