
Астанада халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылуы талқыланды. Жиын елорда әкімінің орынбасары Ерік Мейірханның төрағалығымен өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Гүлжан Шайхыбекованың мәліметінше, елордада МӘМС жүйесімен қамту деңгейі 84,6%-ды құрайды, ал 15,4% немесе 256 672 адам жүйеден тыс қалып отыр.
Соңғы екі айда сақтандырылмағандардың саны 18 мың адамға өскен. Бұл көрсеткіштің артуы халықтың жоғары көші-қонына да байланысты.
Қор филиалы басшысының айтуынша, сақтандырылмағандардың қатарында 12 ай бойы жарна төлемегендер – 132 мың адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 8 мың, жалдамалы жұмысшылар – 91 мың, жеке кәсіпкерлер – 26 мың адам бар.
Жиында МӘМС және медициналық қызмет көрсетуге қатысты заңнамалық өзгерістерге сәйкес, сақтандырылмаған тұлғалар үшін медкөмектің қолжетімсіз болу қаупі айтылды.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС пакеті әлеуметтік маңызы бар 24 ауру тобы және динамикалық бақылауды қажет ететін аурулар бойынша кеңейтілді.
Бүгінде амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмек алып жүрген халықтың шамамен 10%-ы жыл соңына дейін сақтандырылған мәртебеге ие болуы қажет. Әйтпесе олар тегін дәрі алудан қағылуы мүмкін.
Жиында сақтандырылмаудың ықтимал тәуекелдері де атап өтілді:
• медициналық көмектің қолжетімділігінің төмендеуі;
• қалта шығындарының өсуі;
• халық денсаулығының нашарлауы;
• эпидемиологиялық қауіптің артуы;
• Амбулаторлық-емханалық көмектің қолжетімсіздігі;
• шұғыл медициналық жүктеменің артуы;
• өмірлік маңызды процедуралардың (гемодиализ және т.б.) қолжетімсіздігі;
• жоспарлы госпитализация мен диагностикадан өтудің мүмкін еместігі.