
Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орайластырылған «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан өзгеріске дейін» ақпараттық науқаны аясында Астана қызмет көрсету және туризм колледжінде ашық есік күні өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның мақсаты – педагогтар мен студенттердің АИТВ-инфекциясының алдын алу туралы хабардар болуын арттыру, сондай-ақ жастар арасында жауапты және қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру.
Ашық есік күні аясында АИТВ профилактикасы орталығы мен «Жас толқын» жастар денсаулық орталығы бірлесіп студенттермен кездесу өткізді. 100-ден астам студент вирустың жұғу жолдары, заманауи қорғану тәсілдері және тестілеу туралы өзекті ақпарат алды.
Жастар әсіресе АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигманы және кемсітушілікті азайту мәселелеріне ерекше қызығушылық танытты.
Сонымен қатар жастар арасындағы өзара сенімді қарым-қатынастың маңызы және денсаулық туралы ашық диалог қажет екені талқыланды.
Акция аясында қалағандар АИТВ-ге экспресс-тестілеуден тегін әрі анонимді түрде өте алды, сондай-ақ ақпараттық-білім беру материалдарын алды. Барлығы 29 адам тест тапсырды.